Біртановтың ісі: хорватиялық компания сот үкіміне наразылық білдірді

0
394

Біртановтың адвокаты Дмитрий Куряченконың айтуынша, 30 желтоқсанда сыртқы істер министрлігі бірнеше мемлекеттік органға ресми хат жіберген.


Біртановтың ісі: хорватиялық компания сот үкіміне наразылық білдірді

ERNUR.KZ. Хорватияның "Ericsson Nicola Tesla" компаниясы экс-министр Елжан Біртановқа қатысты сот үкіміне наразылық білдірді. Ал басшысы Қазақстан елшілігіне барып, Халықаралық арбитраж сотына жүгінуге дайын екенін мәлімдеді, деп жазады sputnik.kz.

Біртановтың адвокаты Дмитрий Куряченконың айтуынша, 30 желтоқсанда сыртқы істер министрлігі бірнеше мемлекеттік органға ресми хат жіберген. Онда "Ericsson Nicola Tesla" компаниясының президенті Гордана Ковачевичтің Қазақстанның Хорватиядағы елшісі Алтай Әбибуллаевтың қабылдауында болғаны туралы жазылған. Хорват тарапы кездесуге өзі сұранып, бірінші инстанцияның үкімінде наразылық білдірді.
"Ковачевич сот шешімі "ЕNT" компаниясының халықаралық имиджіне, іскерлік беделі мен мүдделеріне орасан зор нұқсан келтіргенін баса айтты. Сонымен қатар, сот үкімінде баяндалған тұжырымдар, айыптаушы бағыттағы қағидаттар, біржақты көзқарас пен іске қатысты түйіндеулер қаржылық мониторингі агенттігінің (19.05.2022 жылғы АФМ-11-3/11499 хаты қоса тіркелген) хатында бұрын жазылған ұстанымға толығымен қайшы келетінін жеткізді", - дейді Куряченко.
Компанияның заң бөлімі мен басшылығы Қазақстан тарапы "ЕNT" компаниясын денсаулық сақтау министрлігінің бұрынғы басшылығын айыптау үшін өз мүддесіне ыңғайлап біржақты әділетсіз пайдаланған деп санайды.
Сол себепті сот үкімі мен оның қорытындылары "Ericsson Nicola Tesla"-ның мүдделеріне теріс әсер етеді. Осыған байланысты компания басшысы Халықаралық арбитраж сотына жүгінуге құқы бар екенін мәлімдеді. Сондай-ақ, компания өкілдері алдағы уақытта Қазақстандағы апелляциялық және кассациялық сот отырыстарына қатысуы мүмкін. Сол жерде "өз шындығын" айтуға мүдделі.
Компания заңгерлері соттың үкіміндегі нақты қандай уәждермен түбегейлі келіспейтінін жазып жіберген.
Елшілікте болған кездесуде Ковачевич осы уақытқа дейін Қазақстанмен өзара қатынастарға нұқсан келтірмеудің барлық амалын жасап, қазақстандық, хорватиялық және еуропалық БАҚ өкілдеріне, сондай-ақ, адвокаттарға түсініктеме бермеген. Ал Швейцарияда Қазақстанға қарсы төрелік процесс басталса, екі жақты іскерлік ынтымақтастығының одан әрі дамуына сөзсіз теріс әсер етеді.
Елшілік мамандары да Қазақстанның іскерлік және инвестициялар тартымдылығы мен абыройы осы компанияның пікіріне тікелей байланысты болады деп санайды.
Сол себепті хорват тарапының наразылығына жауап беру үшін ортақ ұстаным қалыптастыруға үндеді.
"Бұл хат денсаулық сақтау министрлігіне, бас прокуратураға, қаржылық мониторинг агенттігіне және әділет министрлігіне жіберілген болатын. Біз олардың реакциясын әзірше білмейміз", - деп атап көрсетті Куряченко.