​Биыл Шымкент қаласында жаңадан 500-ден астам жұмыс орны ашылды

0
339

Шымкент - қазақстандық кілем өндіретін жалғыз өндіруші қала екені белгілі.


​Биыл Шымкент қаласында жаңадан 500-ден астам жұмыс орны ашылды

Шымкент қаласы миллионды шаһар болғалы өндіріс саласы ілгерілеп, дамып келеді. Мегаполис экономикасының ілгерілеуі бағытында қалада атқарылып жатқан шауарлар аз емес. Биылға дейінгі өзге жобаларды қоспағанда, қаланың экономикалық дамуына айтулы үлес қосып жатқан саладағы жұмыстарды зерделеу мақсатында Шымкент қаласының кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысы Дүйсебеков Береке Талғатұлына сауал жолдаған болатынбыз.

Басқарма басшысының берген жауабына сәйкес, биыл Шымкентте ауыз толтырып айтарлық жетістіктер жетерлік екен. Үшінші миллионды қалада өңдеу өнеркәсібінде 50 млрд. теңгеге 13 жобаның ашылуы жоспарланған. Бүгінде оның 29,4 млрд. теңгеге 6 жобасы іске қосылып, онда 500-ден астам жұмыс орны құрылды. Өткен жылы жалпы 16 млрд. теңгеге 15 жоба іске қосылған болатын.

Атап айтар болсақ, 2022 жылы іске қосылған жаңа жобалар:

  • Құны 125 миллион теңге болатын «ЦветЛит» ЖШС Алюмин катанкаларының өндірісі 10 жұмыс орнымен қамтамасыз етсе;
  • «Dala Constuction» ЖШС Үй құрылысы комбинаты – 2,9 млрд. теңге, жаңадан 50 жұмыс орнын ашты;
  • «ЭКО-ФАРМ» ЖШС Медициналық мақсаттағы бұйымдар өндірісі ашылып, (1,5 млрд. теңге), жаңа 150 жұмыс орнын ашты;
  • Сонымен қатар, «Mega Smart B2B» ЖШС Жиһаз фабрикасы – 750 миллион теңге, жаңа 100 жұмыс орнын ұсынса;
  • Алюмин банкаларының өндірісімен айналысатын «QazAlPack» ЖШС (23,4 млрд.теңге), 145 жұмыс орнымен қамтамасыз етті;
  • Ал «Qagaz Ordasy SEZ» ЖШС Жазу қағаздарының өндірісі (621 млн. теңге), жаңадан 66 жұмыс орнын ашқан.


Бүгінде Шымкент қаласында қанша өндіріс орны бар?

Береке Талғатұлының айтуынша, бүгінде үшінші мегаполисте үздіксіз жұмыс істеп, қала тұрғындарын жұмыс орнымен қамтып тұрған 2 075 өнеркәсіптік кәсіпорын бар. Оның ішінде 70-і – ірі және орта өндірістер екенін де айта кеткенін жөн.

Бұл кәсіпорындардың 80%-дан астамы өңдеу өнеркәсібі салаларында жұмыс істейді. Атап айтар болсақ, құрылыс материалдарын өндіру бойынша – 197 кәсіпорын, тамақ өнеркәсібінде – 164, сусындар өндіруде – 35, резеңке және пластмасса бұйымдарын шығару саласында – 102, мұнай өңдеу өнімдерін өндіруде – 18, фармацевтикалық өнімдер мен препараттарды өндіруде – 17, қағаз өнімдерін дайындайтын – 45 өнеркәсіп болса, ал дайын металл бұйымдарын жасайтын – 89, жиһаз жасау бойынша – 445, өзге де дайын бұйымдар – 58, жеңіл өнеркәсібінде – 169, химия – 83, металлургия – 43, машина жасау және машиналар мен жабдықтарды жөндеу – 174 және тағы да басқа кәсіпорындарды атауға болады.

Тағы да айта кетерлігі, үш жылдың ішінде жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың саны бүгінде 700-ден астам бірлікке артқан (бұл көрсеткіш 2019 жылы – 1 368 бірлік).


Шымкент қаласының кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысы Дүйсебеков Береке Талғатұлының айтуынша, Шымқалада өңдеу өнеркәсібі дамиды.

Басқарма басшысы бұл туралы тәптіштеп түсіндіріп өтті.

Өнеркәсіп саласы жергілікті экономиканың негізін қалыптастырып, іргетасын берік ететін негізгі күш екені белгілі. Оған қойылатын талаптан бөлек, нақты қадам мен кезең-кезеңімен жүзеге асыратын жүйелі жоспар қажет екені тағы бар.

Осы орайда Шымкент қаласы бойынша өңдеу өнеркәсібі саласында 2022-2025 жылдар аралығында құны 622 млрд. теңгеге 8,2 мың жұмыс орнын құра алатын әлеуеті бар 66 инвестициялық жобаның пулы қалыптастырылғаны туралы айтты басқарма басшысы Береке Талғатұлы. Оның айтуынша, өңдеу өнеркәсібінің жобалары негізінен құрылыс материалдарын шығару, химия, металлургия, жеңіл өнеркәсіп, фармацевтика, жиһаз өнеркәсібі салаларында жобалар жоспарда тұр.

Жобаларды әр жылдың еншісісіне жүйеленіп, нақты жоспармен іске аспақ.

Мәселен, 2022 жылдың соңына дейін – 50 млрд. теңгеге 13 жоба іске асырылса;

2023 жылы – 28 млрд. теңгеге 29 жоба іке қосылмақ;

Сондай-ақ, 2024 жылы – 181,5 млрд. теңгеге 18 жоба жоспарланып отыр;

Ал 2025 жылы – 361,7 млрд. теңгеге 6 жоба іске асырылады деп күтілуде.

Әрине, мұның барлығы да уақыт еншісінде болғанымен, жүйелі жоспардың арқасында іске асуына зор сенім ұялатады.


Шымкент қаласындағы өндіріс орындарының дамуы қалай жүзеге асып жатыр? Өзге өңірлермен салыстырғанда көрсеткіш қандай?

Қай сала болмасын, дамуы мен іске асуы, нәтижесі өткен уақытпен, өзге де өңірлермен салыстырмалы түрде айқындалады. Бұл туралы да басқарма басшысы нақты жобалар мен іске асырылғандарды тізіп берді.

Мәселен, Шымкент қаласында 2021 жылы өнеркәсіп өнімінің көлемі 812,9 млрд. теңгені құраған болса, 2020 жылға қарағанда өсім 5,2% болған. Үш жылдың ішінде өнеркәсіп көлемі 233,3 млрд. теңгеге өсуі ауыз толтырып айтарлықтай-ақ нәтиже деуге болады.

Ал биылғы жылдың нәтижесін қаңтар-тамыз айларындағы өнеркәсіп кәсіпорындарымен салыстырсақ, 583,2 млрд. теңгені құраған. Бұл дегеніміз, өткен жылдың сәйкесінше тиісті кезеңімен салыстырғанда 107,1% құрады. Бұл көрсеткіш бойынша қала өнеркәсібі республиканың 20 өңірінің арасында бесінші орынды иеленіп отыр.

Өнеркәсіп саласында үлесі 88,2% құрайтын өңдеу өнеркәсібінде514,4 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, 108,7% өсті. Мұндай көрсеткішпен Шымкент қаласы республика бойынша алтыншы орында тұрақтапты.

Өңдеу өнеркәсібі көлемінің өсімі мұнай өнімдерін (126,4%),фармацевтикалық өнімдер мен препараттар (125,7%), химия өнеркәсібінің өнімдерін өндірудің (126,9%), машиналар мен жабдықтардан басқа дайын металл бұйымдар (112,4%), құрылыс материалдар өндірісінің (105,3%), киім (113,9%), қағаз және қағаз өнімдері (122,2%) мен өзге де дайын бұйымдар өндірісінің (163,0%) артуы есебінен орын алды.


Ерекше атап көрсететін кәсіпорын да жоқ емес. Шымкент - қазақстандық кілем өндіретін жалғыз өндіруші қала екені белгілі.

Сонымен қатар, 2022 жылдың 8 айының қорытындысы бойынша қаламыз мақта майын (ҚР үлесі - 98%), дәрі-дәрмек (34%), цемент клинкерлерін (31%), мұнай өнімдерін (25%), портландцемент (24%) өндіру бойынша 1-орында екенін де айта кетпеске болмас. Сол сияқты, өңделген шай және кофе өндіру (33%) бойынша 2-орында, тазартылған күнбағыс майы (31%), шыны ыдыс (28%), макарон, кеспе, кускус (18%) және мата өндірісі (17%) бойынша 3-орында тұр.


Шымкент қаласынан экспортқа қандай өнімдер шығады?

Бүгінгі таңда қалада өңдеу өнеркәсібіндегі (тамақ өнімдерін өндіру, жеңіл өнеркәсібінде, машина жасау, металлургия, фармацевтика және құрылыс өнімдерін өндіру салаларында) 54 кәсіпорын тұрақты экспортқа өнім шығарып отырғанын айтады Шымкент қаласының кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысы.

Кәсіпорындар Өзбекстан, Тәжікстан, Ауғанстан, Ресей Федерациясы, Қырғызстан Республикасы, Түркия, Қытай елдеріне өнімдерін экспорттайды.

Биылғы 2022 жылдың қаңтар-шілде айының қорытындысы бойынша Шымкент қаласының Сыртқы сауда айналымы 1 287,7 миллион АҚШ долларын құраған (бұл көрсеткіш 2021 жылы 1 222,6 миллон АҚШ доллары болған). Оның ішінде, экспорт – 460,1 млиллион АҚШ долларын құрап, тиісті кезеңмен салыстырғанда 54,1%-ға өскенін айтуға болады (ал 2021 жылы 298,4 млн. АҚШ доллары болған).

Шымкент қаласының жалпы экспорт көлемі Өзбекстан(34,0% немесе 141,6 млн. АҚШ доллары), Түркия (22,4 % немесе 91,8 млн. АҚШ доллары), Нидерландия (14,6% немесе 67,5 млн. АҚШ доллары), Ресей (10,3% немесе 47,5 млн. АҚШ доллары), Ауғанстан (8,1% немесе 31,6 млн. АҚШ доллары), Қырғызстан (5,0% немесе 17,5 млн. АҚШ доллары), Тәжікстан (2,0% немесе 9,7 млн. АҚШ доллары), Литва (2,0% немесе 9,5 млн. АҚШ доллары), Латвия (1,3% немесе 8,2 млн. АҚШ долл.),Қытай (1,3% немесе 5,4 млн. АҚШ долл.) елдеріне тиесілі. Бұл елдерге экспортталған тауарлардың көлемі жалпы экспорттың 88,5% құрады.

Қаланың негізгі экспортталатын тауарларының қатарына мұнай және мұнай өнімдері (33,7%), күнбағыс майы (9,0%), бидай және меслин (7,0%), ұн (7,0%), мақта талшығы (3,5%), портландцемент және цемент өнімдері (3,0%), алюминий шыбықтар мен профильдер (5,0%), мұнай коксы (3,0%) тоқыма бұйымдары (2,0%) болып отыр. Аталған тауарлар жалпы экспорттың 73,2%-ын құрайды.


Шымкентте брендке айналған немесе алдағы уақытта бренд болуға мүмкіншілігі жоғары қандай отандық өнімдер бар?

Әлбетте, ең бірінші мұндай талапқа сай деп «Бал Текстиль» ЖШС-ін айтуға болады. Аталған кәсіпорынның еліміздегі кілем және кілем бұйымдарын өндіретін ірі зауыт екені белгілі. Кәсіпорын «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағының аумағында 2013 жылдың қазан айынан бастап үздіксіз жұмыс істеп келеді. Сондай-ақ, 2015 жылы компания иірілген синтетикалық жіп өндіру бойынша II жобаны іске қосты. Жобаның қуаттылығы жылына 5 миллион шаршы метр кілем бұйымдарын және 4 мың тонна иірілген синтетикалық жіпті шығаруға жетеді. Компания «Бал Текстиль» брендімен өнім шығарады.

Сол сияқты, өнімдерімен танылып үлгерген «Назар Текстиль» ЖШС-і де кілем және кілем бұйымдарын шығаратын зауыт. «Оңтүстік» АЭА аумағында орналасқан кәсіпорын 2014 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Жобаның қуаттылығы заттай түрде 2,3 миллион шаршы метр кілем бұйымдарын шығаруға қауқарлы. Компания «Назар Текстиль» брендімен өнім шығарады.

«АГФ Групп» ӨК ЖШС - Қазақстандағы үй тоқыма, төсек-орын жабдықтары, көрпе жамылғылары, жастықтар мен көрпелер өндіретін отандық өндірістік фабрикасы. Кәсіпорын 2012 жылдан бастап «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағының аумағында жұмыс істейді. Жобаның қуаттылығы жылына 20 млн. үй тоқыма бұйымдарын құрайды. Кәсіпорынның негізгі серіктесі IKEA жиһаз және үй тауарларын сататын Швед-Нидерланды желісі болды. Компания «ARUA» брендімен өнім шығарады.

«Бал Декор» ЖШС - кілемдер мен кілем бұйымдарын басып шығаратын отандық өндіруші ретінде өз брендін қалыптастырып үлгерген. Жобаның қуаттылығы жылына 400 мың шаршы метрді құрайды. Компания «Бал Декор» брендімен өнім шығарып, тұтынушыларының арасында танылып үлгерген.

Бренд ретінде «Тумар Текстиль» ЖШС - ерлер, әйелдер және жасөспірімдер аяқ киімдерінің отандық өндірушісін де атауға болады. Жобаның қуаттылығы жылына 50 мың. жұпты құрайды. Компания «B' Bars» брендімен аяқ киім шығарып, тұрақты тұтынушылары қалыптасқан.


Срңғы кезде Шымкент қаласының бренді ретінде «AZALA Textile» ЖШС-і танымал болып келеді. Өндірістің толық циклы бар тігін фабрикасы 2021 жылы «Оңтүстік» АЭА аумағына қосылды. Жобаның өндірістік қуаттылығы-2,8 мың. тонна иірілген жіп және 14 млн. шаршы метр мата және жылына 9,5 миллион дайын өнім шығарады. Компания «AZALA Нome» брендімен өнім шығарады.

Шымкенттен шығатын «Alemsocks» брендімен шығатын өнімдерді де жергілікті бренд деуге тұрарлық. «Әлем БТ» ЖШС - Қазақстандағы шұлық және шұлық өнімдерінің ірі өндірушісі. Өндіріс қуаттылығы жылына 16 миллион жұпты құрап отыр. Компания «Alemsocks» брендімен өнім шығарып, алыс-жақын өңірге танылған.

Бүгінде «Шымкент Кашемир» ЖШС - жүнді бастапқы өңдеу және одан дайын бұйымдар шығаратын ірі зауыты да өз өнімдерімен көпке танымал. Өндірістің нақты қуаттылығы 8 мың тоннаны құрайды. Компания «Шымкент Кашемир» брендімен өнім шығарады.

Ал «LUX SHOES» БК» ЖШС - аяқ киім өндіретін отандық кәсіпорын.2018 жылдың тамыз айынан бастап жұмыс істейді. Бүгінгі таңда зауыттың өндірістік қуаты жылына 120 мың. жұп аяқ киім шығаруға қауқарлы. Шығарылатын өнім ассортиментінде ерлер аяқ киімінің 30-дан астам моделі (етік, етік, аяқ киім, сандал, спорттық аяқ киім және т.б.) бар. Аяқ киімнің барлық модельдері таза былғарыдан жасалған және тозуға төзімділігі мен беріктігі жоғары болуымен танымал болып отыр. Компания «GABANI» брендімен өнім шығарады.


***

Еске сала кетсек, жуырда ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Үкімет отырысында еліміздің қаңтар-қазан айындағы әлеуметтік-даму қорытындысын жасап, жиын барысында Шымкентте барлық сала бойынша оң өсім сақталып тұрғанын және атқарылуға тиіс межелерді орындауда елімізде көшбасшы өңірлер қатарында екенін айтқан болатын.

Атап айтар болсақ, өнеркәсіп өнім көлемі 750,3 млрд.теңгеге жетіп, нақты көлем индексі 105,8 пайызды құрады. Оның ішінде, тек өңдеу өнеркәсібі – 107,3 пайыз болып отыр.

Сонымен қатар, инвестиция көлемі 403,2 млрд.теңге болып, 18,3 пайызға артқанын, оның ішінде, мемлекеттік бюджеттен 93 млрд.теңге, жеке көздерден 310,2 млрд.теңге қаралған.


***Қосымша ақпарат

Шымкентте келесі жылдан бастап жылына 80 мың тонна түйіршіктелген полипропилен өндіретін жаңа зауыттың құрылысы басталғалы отыр. Бұл зауыт іске қосылса 250 азамат жұмыспен қамтылады. Жобаның жалпы құны 38 млрд. теңге. Бұл туралы қала әкімі Мұрат Әйтенов жуырда инвестициялық штаб отырысында айқан болатын.

Сонымен қатар, аталған жиында жауапты басқарма басшылары, аудан әкімдері мен инвесторлармен бірге 7 жаңа жобаның таныстырылымы өткен еді.

Мәселен, Түркиялық «Stars Cosmetics» ЖШС басшысы Абдулхаким Мухаммадмуса «Оңтүстік» индустриалды аймақтан сұйық сабын өндірісін ашуға ниетті. 1,5 млрд теңгені құрайтын инвест жобаның қуаттылығы жылына 3 мың тонна өнім шығармақ. 2023 жылы жүзеге асырылатын жоба нәтижесінде 30 адам жұмыспен қамтылатыны айтылды.

Түркиялық тағы бір кәсіпкер «Milat Hali» ЖШС басшысы Искандер Каплан «Оңтүстік» индустриалды аймағынан 2,5 га жерге кілем өндіретін зауыт құрылысын салуды ұсынған. Жобаның жалпы құны 4,5 млрд. теңгені құрайтын бұл жоба жылына 5 млн шаршы метр кілем өндіріп, жұмыссыз жүрген 100-ге жуық азаматқа тұрақты жұмыс орнын ұсынбақ.

Тағы бір жобаны «Элмехмонтаж» ЖШС басшысы Қанатбеков Ержан ұсынған. Ол құрылысқа арналған газоблоктар шығаратын зауыттың жобасы, жылына 60 мың текше метр блок шығаратын қуатты өндіріс ошағын «Жұлдыз » индустриалды аймағынан салуды жоспарлайды. Жобаның құны 500 млн теңге, құрылысы 2023 жылы салынып, сәтті жүзеге асатын болса, кемінде 20 азамат жұмыспен тұрақты қамтылады.

Осы аталған штаб отырысында бұдан басқа құрамалы контейнер өндіретін, терезе рамаларын жасап шығаратын және сантехникалық мебельдер мен архитектуралық формалар өндіретін инвестициялық жобалар да қаралып, қала әкімі Мұрат Дүйсенбекұлы мемлекеттік қолдау түрлері мен қаланың жоғары мүмкіндіктерін айтып, барлығын зерделеу үшін жетекші сала басшыларына тапсырма берген болатын.

Сондай-ақ, бұған дейін Шымкент қаласы әкімдігі келесі жылдан бастап 145 адамды жұмыспен қамтитын, жылына 345 миллион жөргек өндіретін жаңа зауыттың құрылысы басталмақ екені туралы ақпарат таратқан болатын. Ақпаратқа сәйкес, бұдан өзге Шымкент қаласында мал азығы өндірісі мен пластик шығаратын ірі кәсіпорын салынуы мүмкін.

«Амина Интекс» ЖШС басшысы Али Гохар «Бозарық» агро-индустриалды аймақтан мал азығы өндірісін ашуды көздесе, «SAN GRAND» ЖШС басшысы Бағлан Таженов «Жұлдыз» индустриалды аймағынан 9 га жерге бірнеше жоба салуды ұсынған. Біріншісі - 13 млрд теңгені құрайтын отандық жөргектерді шығаратын ірі кәсіпорын, ал екіншісі - 9,3 млрд. тенгені құрайтын шыны талшықты терезе профильдерін шығаратын өндіріс ошағы. Ал «AnDa Company» ЖШС басшысы Дмитрий Таранов биофармацевтикалық зауыттың жобасын ұсынған.

Еске сала кетсек, Шымкент қаласында жыл соңына дейін дәрілік заттар мен гигиеналық өнімдерді өндіретін өзбекстандық «Dentafill» және шұлық өндірісін дамытатын түркиялық «Ekol Ihracat» зауыттарының ашылуы күтілуде.

Сонымен қатар штаб отырысында 35 елден 310 компанияны көшіру мәселелері де қаралған. Қазіргі таңда АҚШ-тың медициналық жабдық өндіретін «GE Healthcare» компаниясымен, тұрмыстық-техникалық жабьдықтар өндірісінің көшбасшысы «Haier» компаниясымен, италияндық «Maire Tecnimont», жапондық «RP Canon Medical Systems» сынды 8 алып компанияларды Шымкентке тарту бойынша келіссөздер жүргізіліп жатқандығын хабарлаған болатын Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.

ERNUR.KZ