«Біз – Жеңістің мұрагеріміз!» эстафетасы басталады

0
1 107

Эстафетаның негізгі атрибуты – 1941 жылы Алматы қаласында жасақталып, Мәскеуден Берлинге дейін жеткен Кеңес Одағының Батыры генерал-майор И.В. Панфилов атындағы 8-гвардиялық мотоатқыштар Режицский, Қызыл ту Ленин орденді, Суворов орденді дивизиясының Жауынгерлік Туының көшірмесі.


«Біз – Жеңістің мұрагеріміз!» эстафетасы басталады

ERNUR.KZ. 5 ақпан – 5 мамыр аралығында Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың шешімімен Ұлттық ұланда Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығына арналған «Біз – Жеңістің мұрагеріміз!» эстафетасы өтеді, деп жазады egemen.kz.

Аталмыш эстафета 2018 жылғы 28 қыркүйекте Душанбе қаласында өткен ТМД Мемлекет басшылары Кеңесінің шешімімен бекітілген Жеңістің 75 жылдығын мерекелеуге бағытталған негізгі іс-шаралар жоспары аясында өткізілмек.

Эстафетаның негізгі атрибуты – 1941 жылы Алматы қаласында жасақталып, Мәскеуден Берлинге дейін жеткен Кеңес Одағының Батыры генерал-майор И.В. Панфилов атындағы 8-гвардиялық мотоатқыштар Режицский, Қызыл ту Ленин орденді, Суворов орденді дивизиясының Жауынгерлік Туының көшірмесі. Ту көшірмесін Қазақстан әскери-тарихи музейінің Алматы қаласындағы филиалы ұсынып отыр.

Эстафетаның мақсаты – Ұлы Отан соғысында Отанын жанқиярлықпен қорғаған қазақстандық жауынгерлердің ерлігіне құрмет көрсету, есімдерін ел есінде сақтау, майдан даласында елі үшін қаза болған әр солдаттың ерлігіне бас ию; жастардың, ішкі істер органдары қызметкерлері мен Ұлттық ұлан әскери қызметшілердің бойына отансүйгіштік құндылықтарды және Қазақстан халқының батырлық тарихына құрметпен қарау, қазақстандық патриотизмге тәрбиелеу, өз әскери борыштарын үлгілі атқаруға ықпал ету.

Эстафетаға Полиция, Төтенше жағдайлар, Қылмыстық-атқару жүйесі департаменттері, Ұлттық ұланның өңірлік қолбасшылықтары, әскери бөлімдері мен бөліністері, ІІО мен ҰҰ ардагерлер ұйымы, сондай-ақ орта мектеп оқушылары мен әскери-патриоттық клубтардың тәрбиеленушілері, студент жастар, құқықтық тәртіп әскерінің әскери бөлімдері орналасқан қалалардағы жергілікті қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысады.

Алматы қаласы әкімдігінің, «Нұр Отан» партиясының Алматы қалалық филиалының, Қазақстан халқы Ассамблеясы Алматы қаласындағы «Достық үйінің», «Армия үйі» музейі директоры Алуа Байқадамованың (генерал-майор И.В.Панфиловтың жиен немересі) қолдауымен Эстафета Алматы қаласынан басталады, себебі 1941 жылы генерал-майор И.В. Панфилов басқарған 316-атқыштар дивизиясы осы Алматы қаласында жасақталған.

Эстафета аясында даңқты панфиловшылар дивизиясының Жауынгерлік Туының көшірмесі республикалық маңызға ие 3 қаладан, облыстық деңгейдегі 14 қаладан және шағын 7 қаладан өтетін болады.

Еске алу эстафетасы қозғалысының кестесі бойынша Эстафета жолын жалғау үшін Ұлттық ұланның 37 әскери бөлімінен Ту ұстаушылар тобы жасақталды.

Эстафетаның Қазақстан аумағын теміржол және автокөлікпен шарлаудағы жалпы жолы 11 мың шақырымды құрайды.

Эстафета барысында соғыс және еңбек ардагерлерімен 68 кездесу өткізу жоспарланған. Ұлттық ұланның әскери-үрмелі оркестрі барлық пункттер мен жекеленген бөліністерді қоса есептегенде 56 концерт қояды.

Осы ретте Алматы қаласында жоспарланған іс-шаралар тізбегі төмендегідей:

2020 жылғы 5 ақпан күні сағат 10.00-де – Алматы қаласы әкімдігі, «Нұр Отан» партиясының Алматы қалалық филиалы, Қазақстан халқы Ассамблеясы Алматы қаласындағы «Достық үйі», Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы Бас қолбасшылығы және «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы өкілдерінің қатысуымен баспасөз мәслихатын өткізу. Мекенжайы: Достық үйі. Құрманғазы, 40.

2020 жылғы 5 ақпан күні сағат 11.30-да 28 гвардиялық-панфиловшылар саябағында Жауынгерлік Ту көшірмесін қарсы алу - тапсыру бойынша салтанатты іс-шара Алматы қаласы әкімдігі, «Нұр Отан» партиясының Алматы қалалық филиалы, Қазақстан халқы Ассамблеясы Алматы қаласындағы «Достық үйі», «Жас Отан» жастар қанаты, ардагерлер және қаланың басқа да қоғамдық ұйымдары, көрнекті мемлекет қайраткерлерінің қатысуымен өтеді.

2020 жылғы 5 ақпанда сағат 12.00-де Жауынгерлік Ту көшірмесін қарсы алу-тапсыру бойынша салтанатты іс-шараға жиналғандарға концерт беріледі. Өту орны: Армия үйі, мекенжайы: Зенков көшесі, 24.

2020 жылғы 5 ақпанда сағат 15.00-де – Алматы қаласы әкімдігі, «Нұр Отан» партиясының Алматы қалалық филиалы, Қазақстан халқы Ассамблеясы Алматы қаласындағы «Достық үйі», Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы Бас қолбасшылығы және «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының өкілдері және БАҚ өкілдері Жауынгерлік Ту ұстаушы тобымен бірге Ұлы Отан соғысы ардагерінің үйіне барады. Ардагердің үйінің алдында әскери оркестр соғыс жылдарындағы әндер мен музыкаларды орындайды, Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының әскери қызметшілері салтанатты шерумен өтіп, ардагерге әскери әскери сәлем береді деп жоспарлануда. Әрі қарай Алматы қаласының 8 ауданында тұратын соғыс ардагерлеріне бару жоспарланған.

2020 жылғы 6 ақпанда сағат 15.00-де – Алматы қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен «Алатау» дәстүрлі өнер театрында қала жастары үшін концерт беріледі.