Б.Телтаев: Мөлшерден асқан жүк тиеп жолды бұзғандардың ісі қылмыс емес пе?

0
2 935

Қазақстандағы жол салу практикасында есептік автокөлік деген түсінік бар.


Б.Телтаев: Мөлшерден асқан жүк тиеп жолды бұзғандардың ісі  қылмыс емес пе?

ERNUR.KZ. «Қазжол ҒЗИ» АҚ президенті Бағдат Телтаев жолда біліктеріне нормадан артық салмақ түсіріп, жүре беретін ауыр жүк көліктерінің қызметіне қатысты мәселе көтерді, деп жазады ҚазАқпарат.

«Біз бүгін үлкен мәселені көтергіміз келіп отыр. Автокөлік жолдарының беріктігін сақтауы, жобаланған мерзімде қызмет көрсету, автокөлік жолдарына түсетін жүктеме мәселесі бізді толғандыру керек. Мен бір анықтама бергелі отырмын: әрбір автокөлік жолының төсемесінің құрылымы беріктікке сыналады. Автокөліктердің белгілі бір білігінің өтуінің (мысалы бірнеше миллион) саны саналады. Қарап отырсаңыздар, бірнеше білікті, қос білікті көліктер, білігіне көп жүктеме түсетін көлік түрлері жолымызда жүріп жатыр. Осындай ауыр жүкті көліктердің салдарынан жолдарымыздың қызмет көрсету уақыты төмендеп кетуі мүмкін», - дейді Бағдат Телтаев ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуына қарағанда, Қазақстандағы жол салу практикасында есептік автокөлік деген түсінік бар. Ол - жалғыз білік дегенді білдіреді.

«Қазақстанның көптеген негізгі жолдарының бәрі - білікке түсетін 10 тонналық салмаққа жобаланған. Қазақстанға республикалық және жалпы пайдалануға берілген жергілікті республикалық жолдардың саны шамамен 100 мың шақырым дейтін болсақ, соның үштен екі бөлігі (67 пайызы) 10 тонна және одан да төмен біліктік күшке есептеліп салынған. Егер жолға осы нормадан артық күш түсіретін болсақ, онда біздің автокөліктердің жобалық мерзімі бойынша қызмет көрсете алмайды. Яғни, жолдар ерте бұзылуы ықтимал», - дейді ол.

«Қазжол ҒЗИ» басшысы сөзі дәлелді болуы үшін баспасөз мәслихаты барысында экранға слайдтарды шығарып, ауыр жүк көліктерінің кеселінен мүжіліп кеткен жолдардың фотоларын көрсетті. «Егер бір ғана білік 15 тонна жүкпен өтетін болса, онда ол бір ғана біліктің жолға түсіретін салмағы - алты автокөлікке тең. Алдыңғы білікке 6 тоннадан бастап, соңғы білікке 13 тоннаға дейінгі әртүрлі комбинацияларды қарап, есептеп көрдік. Талдау көңіл көншітпейді. Нені айқымыз келеді? Егемендік алғаннан кейін бізге Кеңес одағынан ескі жолдар мұра болып қалды. Елбасының тапсырмасымен қанша миллиард теңгені жолдың сапасын көтеруге жұмсадық.

Егер біз осы жолдағы автокөліктердің білігіне түсетін күшті нормаға сай екенін қадағалап отырмайтын болсақ, біз алдағы уақытта жолсыздыққа ұрынуымыз мүмкін. Сондықтан, жалпы бұқара халық осы мәселенің өте маңызды екенін білгені дұрыс», - дейді ол.

Бағдат Телтаевтың айтуынша, АҚШ-та ауыр жүк көліктерінің білігіне түсетін салмақ талабы - 8,2 тонна. Өткен ғасырдағы Ұлы экономикалық дағдарыс әлемнің алпауыт елін жол сапасын қадағалау талаптарын күшейтуге мәжбүрлеген. Бағдат Телтаев сондай-ақ жақында ғана Қарағанады облысында асфальтқа батып қалған камаздардың жайына қатысты өткір сын айтты.

«Қараңызшы, адамдар тапа-тал түсте адамдар нормадан асқан жүкті тиеп, жолымызды бұзып тастады. Ол жолды жөндеу үшін қанша ақша керек? Біз ұрлаған адамды қылмыскер деп соттаймыз. Ал жолдарымызды бұзып тастау - қылмыс емес пе!? Отыз жылда мемлекет жолға қаншама миллиард теңге жұмсады. Сол жолымызды бұзып жатса - қылмыс емес пе!? Ондай заң бұзған адамдарды заң органдарына шақыру керек. Сіз бен біз әлі күнге дейін жолға менікі емес, мемлекеттікі деп қарайтын секілдіміз. Сол себепті, халыққа осы өзекті мәселенің мәнін жеткізсек дейміз», - дейді Б.Телтаев.