Бүгін елорданың астана болып жарияланған күні

0
2 220

1997 жылдың 10 желтоқсанында астана Алматы қаласынан Ақмола қаласына ресми түрде ауыстырылды.


Бүгін елорданың астана болып жарияланған күні

ERNUR.KZ. Бүгін елорданың ресми түрде астана болып жарияланғанына 22 жыл толды. 1997 жылдың қазан айында сол кездегі Ақмола қаласын астана етіп жариялау туралы Жарлыққа қол қойылған болатын, деп жазады Елорда Инфо.

«Менің ойымша, бізді қате шешім қабылдады деп жас ұрпақтың кінәлауына ешқандай негіз жоқ. Алматы бұрынғысынша еліміздің ең ірі қаласы болып қалды. Ал күшті екі орталықтың болуы республиканың экономикалық қуатын тек арттыра түседі. Әлемде екі астананың өмір сүруіне қатысты мысалдар өте көп. Олар - Анкара мен Стамбұл, Мәскеу мен Санкт-Петербор, Карачи мен Исламабад, Рио-де-Жанейро мен Бразилия, Мельбурн мен Канберра, Оттава мен Торонто, Вашингтон мен Нью-Йорк. Бұл қатарда менің ойымша, біз алдыңғысы да, артқысы да бола қоймаспыз», - деп жазады Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан жолы» атты естелік кітабында.

1994 жылы 6 шілдеде Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі «Қазақстан Республикасының астанасын ауыстыру туралы» Қаулы қабылдады.

1997 жылы 20 қазанда Нұрсұлтан Назарбаев «Ақмола қаласын Қазақстан Республикасының астанасы етіп жариялау туралы» Жарлық шығарды.

1997 жылдың 10 желтоқсанында астана Алматы қаласынан Ақмола қаласына ресми түрде ауыстырылды.

Президенттің 1998 жылғы 6 мамырдағы Жарлығымен Ақмоланың атауы Астана болып өзгертілді. Жаңа астананың халықаралық тұсаукесері 1998 жылғы 10 маусымда өтті. 1999 жылы Астана ЮНЕСКО шешімімен «Әлем қаласы» атағын алды. Қазақстанның бас қаласы 2000 жылдан бастап астаналар мен ірі қалалардың халықаралық ассамблеясының мүшесі. Тарихи күндердің тізбесі осындай.

Бүгінде Нұр-Сұлтан қаласы 4 ауданнан тұратын мегаполиске айналды. Қаланың ауданы 797,3 мың ш.м. тең. Оның ішінде Алматы ауданы – 154,7 мың ш.м, Сарыарқа ауданы – 67,7 мың ш.м, Есіл ауданы –393,5 мың ш.м, Байқоңыр ауданы– 181,2 мың ш.м.

ҚР Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің мәліметіне қарағанда осы жылдың 1 қазанына дейін Нұр-Сұлтан қаласы халқының саны 1 121 809 адамды құраған.

Елордаға басқа қалалардан қоныс аударушылардың қарасы басым. Сонымен қатар туу көрсеткіші де тұрақты түрде артып келеді. 2019 жылғы қаңтар-қыркүйекте Нұр-Сұлтан қаласы бойынша тұтастай алғанда 21786 туғандар тіркелді. Туудың жалпы коэффициенті халықтың 1000 адамына шаққанда 26,30 туылғандарды құрады.

Осы уақыт ішінде қала халқының саны да қаланың аумағы да үш есеге артқан. Салынған инвестиция көлемі 50 есеге көбейді.