"Бұл жын-ойнақты тоқтату керек!": депутат Иса үкіметке талап қойды

0
804

Осы орайда депутат келесі жылы ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы ЮНЕСКО аясында аталып өтетінін еске салды.


ERNUR.KZ. Мәжілісмен Қазыбек Иса үкіметке депутаттық сауал жолдап, Алматыдағы "жын-ойнақты" тоқтатуды талап етті, деп жазады Sputnik Қазақстан.

"Ғылым академиясының ғимараты – қазақ ғылымы мен руханиятының символы, қасиетті орда. Осы ғимараттың тіл білімі жағындағы аумақты жертөле ұлттық намысымызға тиетін, қазақ ғылымының киелі орнын былғайтын, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының асыл рухын аяққа таптап, әруағын шулататын "Марка" гей-клубы мен "Барвиха" түнгі клубына айналған. Тойып секіргендер мен бір жыныстылардың жын-ойнағы киелі орынды ластап жатыр. Кезінде Құрманғазы мен Пушкинді сүйістіріп қойған билборд осы үңгірден шыққан", - деді Иса мәжілістің жалпы отырысында.

Депутаттың айтуынша, қазақ үшін күрескен қасиетті тұлға, ұлттың ұлы ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының атындағы тіл білімі ордасының астында "жын ордасының ойнақ салуы" елдің ұғымына сыймайды.

"Бұл жын-ойнақты шұғыл тоқтататын уақыт жетті!", - деп атап көрсетті Иса.

Осы орайда депутат келесі жылы ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы ЮНЕСКО аясында аталып өтетінін еске салды. Осыған байланысты үкімет жанынан комиссия құрылып, жұмыс жоспары жасалды. Дегенмен, ұлт ұстазын ұлықтауға арналған шаралар баршылық.

"Қостанай облысы Жангелдин ауданының орталығынан 100 шақырым жердегі жүздей отбасы бар Ахаңның туған ауылына ғалымның атын бердік дейді. Ауыл түгілі облыс берсе де, лайықты ұлт ұстазының атын алыс шалғайдағы жолсыз ауылмен ғана шектеп қоюға болмайды. Алаш көсемдері Ахмет пен Міржақыптың туған ауылдарының аты әлі күнге дейін қызыл большевик, кезінде ұлты мен дінін сатып, Николай Степнов болған Жангелдиннің атында болуы елге де, ерге де, ең алдымен, әруаққа қиянат. Бұл ауданның аты 150 жылдығын әлем атап өткелі отырған Ахмет Байтұрсынұлының атында болуы керек. Бұл тарихи әділеттілік болар еді", - деді Иса.

Депутаттың айтуынша, ауыл тұрғындары ауданның атын ауыстыру туралы ашық хатты мемлекет басшысына да жолдаған. Ал облыс басшысы Алаш көсемінің туған жеріне аяқ аттап баспаған.

"Тәуелсіздік рухында тәрбиеленген кез келген әкім Қостанай өңіріне барғанда ең алдымен Алаш көсемдерінің туған жеріне барып, ұлттың ұлы тұлғаларына тағзым етуге тиіс. Ал әкім Архимед Мұхамбетовтың алты жылдан астам уақытта ол жаққа аттап баспағанын ел шулап жазуда, яғни, Ахаңның туған жерінде тойдың ойдағыдай өтуі де күмәнді. Алаш көсемінің ауылына баратын жол да жоқ", - дейді Иса.