Бұрынғы облыс әкімінің інісі 500 миллион жымқырды деген күдікке ілінді

0
631

​СҚО экономикалық тергеу департаментінің қызметкерлері жылына шамамен 100 миллион жұмыртқа өндіретін құс фабрикасын тексерді


Бұрынғы облыс әкімінің інісі 500 миллион жымқырды деген күдікке ілінді

ERNUR.KZ. Солтүстік Қазақстан облысының экс-әкімі Серік Біләловтің інісінің жемқорлыққа қатысы бар болуы мүмкін. Өңірдегі ең ірі құс фабрикасының директоры Ерік Біләлов пен оның бас есепшісі мемлекеттен субсидия ретінде бөлінген 500 миллион теңгені жымқырды деген күдікке ілініп отыр, деп жазады sputniknews.kz.

Облыстағы экономикалық тергеу департаментінің қызметкерлері жылына шамамен 100 миллион жұмыртқа өндіретін құс фабрикасын тексергеннен кейін бірден оның басшысы Ерік Сұлтанғазыұлы мен бас есепшісі күдікке ілінді. Олар қазына қаржысын талан-таражға салған көрінеді. Қазір тергеу жұмыстары жүріп жатыр.

Ерік Біләловтің екі ағасы да жоғары лауазымды шенеунік болған. Мәселен, Серік Біләлов еңбек жолын осы құс фабрикасында зоотехник болып бастап, кейін Солтүстік Қазақстан облысы әкімі лауазымына дейін көтерілді. Өңірді алты жыл басқарып, Сенатта да депутат болды. Ал генерал Берік Біләлов бұған дейін Ақмола облысы полиция департаментінің бастығы қызметін атқарған.

"Сомасы 534 миллион теңге. Субсидия ақшасын жымқыру фактісі бар. Бірақ күдіктілер қамауға алынған жоқ. Оларға айып та тағылған жоқ. Сот алды тергеу амалдарынан кейін істің анық-қанығы белгілі болады", - деді СҚО Экономикалық тергеу департаментінің басқарма басшысы Рахым Мақажанов.