"Былтыр жаздағы жағдайға ұқсап барады": Нұр-Сұлтандағы коронавирус бойынша ахуал баяндалды

0
2 079

14 наурыздан бастап инфекция жұқтыру 24 пайызға өскен.


ERNUR.KZ. Нұр-Сұлтан қаласының қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратов әкімдікте өткен брифингте елордадағы эпидемиологиялық жағдай туралы айтты, деп жазады Stan.kz.

"Бүгінде қаламызда коронавирус инфекциясына байланысты жағдай тұрақсыз. Індеттің өршуі бойынша елорда әлі де "қызыл" аймақта. 14 наурыздан бастап инфекция жұқтыру 24 пайызға өсті. Егер ақпан айында тәулік ішінде орта есеппен 100 жағдай тіркелсе, 25 наурызға сәйкес бұл көрсеткіш 230-ға дейін жетіп отыр. Пандемияның өршуіндегі аурумен салыстырғанда, қазіргі жағдай былтырғы жаздағы кезеңге ұқсас екенін көріп отырмыз", - деді Тимур Мұратов.

Бүгінгі таңда инфекциялық стационарларда 480 адам бар, олардың жүктелуі 64%-ды құрайды.

Оның айтуынша, елордалық дәрігерлер мен барлық медициналық қызметкерлер екі есе жүктемемен жұмыс істеп жатыр. Инфекциямен күреске 3 700-ден астам медицина қызметкері тартылған, сондай-ақ қажет болған жағдайда жұмысқа тартылатын кадрлық резерв бар.

"Коронавируспен күресу үшін 11 стационар, оның ішінде 10 инфекциялық, бір карантиндік стационар "Рамада Плаза" қонақ үйі базасында орналастырылды. Алдағы уақытта үш ұйымның базасында қосымша 300 инфекциялық төсек орнын ашамыз.

Аталған стационарлар басқа аурулары бар пациенттерге медициналық көмек көрсету үшін де қолданылады", - деді елорданың қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы.

Бұған дейін елордалық дәрігерлер коронавируспен ауыратын науқастардың саны күн санап өсуіне байланысты тұрғындарға жүгінген еді.