Chery автокөлік бренді "Астана" футбол клубының демеушісі атанды

0
531

Спорттық командалармен серіктестік орнату – Chery концернінің жаһандық бастамасының бөлігі.


Chery автокөлік бренді

ERNUR.KZ. 1 наурызда "Астана Арена" стадионында "Астана" футбол клубы мен Қазақстандағы Chery ресми дистрибьюторы "Астана Моторс" құрамына кіретін First Motor Group компаниясының арасында серіктестік орнады. Салтанатты шарада екі тарап ресми түрде қол қойды, деп жазады stan.kz.

Спорттық командалармен серіктестік орнату – Chery концернінің жаһандық бастамасының бөлігі. Бұған дейін брендтің өңірлік өкілдіктері Бразиялияның "Сантос", Эквадордың "Индепендьенте дель Валье", Чилидің "Универсидад Католика" клубымен және Ресейдің "Спартак" клубымен осы сияқты келісімшарттарға қол қойған болатын. 2022 жылы бренд Катардағы футболдан өткен әлем чемпионатының автокөлік серіктесі болды.

"Астана" футбол клубының бас директоры Арслан Беспаев өзінің құттықтау сөзінде жаңа серіктестіктен не күтетіні туралы айтты:

"Біздің жігіттер – нағыз жауынгерлер, еш аянбай жұмыс істейді, алайда жақсы нәтиже тек жеке адамның күш-жігерін ғана емес, сондай-ақ қаржылық қолдауды қажет етеді. Беделді концернмен ынтымақтастық орнату командаға спорттық амбиция үстейтініне және бірге үлкен жеңістерге қол жеткізетінімізге сенімдімін", – деді ол.

Қол қойылған келісімнің аясында тараптар Chery компаниясымен ақпараттық және имидждік коллаборацияға айырбас ретінде "Астана" футбол клубының жарғылық қызметін 100 млн теңгеге қаржыландыру туралы келісті.

"Спортқа қолдау көрсету – брендтің әлеуметтік саясатының маңызды бөлігі. Спорт елдер мен құрлықтардың басын қосады, салауатты тайталас, бәсекелестік рухын береді. Бұл Chery концернінің де, біз еншілес компаниясы болып табылатын "Астана моторс" компаниясының да құндылықтарына сәйкес келеді", – деді First Motor Group директоры Нұрлан Шамгонов.

First Motor Group компаниясының маркетинг жөніндегі директоры Айгүл Темешова да спорттық бастама жайында өз пікірін білдірді.

"Біз бұл ынтымақтастықтан көп мүмкіндік барын көреміз. Келісім бізге автокөліктерді жақсы көретін жандарды Қазақстандағы спортқа тартуымызға, спортты дәріптеуімізге және ойыншыларымызды жұлдызға айналдыруға, сондай-ақ, әрине, клубтың үлкен аудиториясына, оның жанкүйерлеріне Chery көліктерінің артықшылықтары туралы айтып беруге көмектеседі",- деді маркетинг жөніндегі директор.

Chery брендінің Қазақстан нарығына ресми түрде 2021 жылы келгенін және қазірдің өзінде қазақстандықтардың жүрегін жаулап қана қоймай, сондай-ақ республикамызда ұсынылған Қытай елінің басқа брендтерінің ішінде нарықтың елеулі үлесін алып отырғанын айта кеткен жөн.

Осылайша, ҚАБҚ (Қазақстанның автомобиль бизнесі қауымдастығы) ресми статистикасына сай 2022 жылы бренд 4,4 мыңнан астам автокөлік сатып, ҚР-дағы автокөлік нарығының "қытайлық" сегментінде 38 %-ды иеленді және Қазақстандағы ең танымал үздік 10 көлік брендінің ішінде алтыншы орынға көтерілді.

2023 жылғы жоспарда – ҚР-дағы ең көп сатылатын ҮЗДІК 5 автокөліктің қатарына ену және әлеуметтік бағытты, соның ішінде инклюзивтілік саласында дамыту. Қазақстандағы Chery дистрибуциясы бұл бағыттағы алғашқы қадамды 2022 жылы желтоқсан айында жасап, "ЕРЗИ" мүгедектер қауымдастығына жеті орындық Chery Tiggo 8 PRO кроссоверін сыйлаған болатын.