COVID-19-ға қарсы қазақстандық вакцинаны ғалымдар ерікті түрде өздеріне салдырды

0
514

Вакцина ҚР БҒМ Ғылым комитетінің Биологиялық қауіпсіздік мәселелері ғылыми-зерттеу институтында әзірленді.


 COVID-19-ға қарсы қазақстандық вакцинаны ғалымдар ерікті түрде өздеріне салдырды

COVID-19-ға қарсы қазақстандық вакцинаны әзірлеуші жеті ғалым вируспен жұмыс істеген кезде қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін ерікті түрде вирусқа қарсы вакцина салдырды, деп хабарлайды ERNUR.KZ ҚР БҒМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.


Ғалымдардың жағдайы жақсы, олар өз жұмыстарын жалғастыруда, – деп мәлімдеді Биологиялық қауіпсіздік мәселелері ғылыми-зерттеу институтының директоры Күнсұлу Зәкәрия.


Белсендірілмеген вакцинаның клиникаға дейінгі сынақтарының нәтижелері дәрілік заттарды сараптау жөніндегі Ұлттық орталыққа сараптамалық жұмыстар жүргізу үшін жіберілді. Сараптамалық жұмыстар шамамен тамыздың ортасында аяқталады. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің рұқсатын алғаннан кейін қыркүйек айында Алматы қаласындағы клиника базасында коронавирусқаантиденелері жоқ 18 жастан 50 жасқа дейінгі 44 еріктінің қатысуымен клиникалық сынақтардың бірінші кезеңі басталады деп күтілуде. Вакцина салғаннан кейін олар 42 күн бойы бақылауда болады. Қазан айының ортасында клиникалық сынақтардың екінші кезеңін бастау жоспарланып отыр, ол 2020 жылдың желтоқсанында аяқталуы тиіс.

Кандидаттық вакциналардың клиникалық сынақтары оң нәтиже берген жағдайда Жамбыл облысы Отар кентіндегіБиологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институты жанынан салынып жатқан биофармацевтикалық зауыт базасындақазақстандық вакциналар өндірілетін болады. Зауыт халықаралық стандартқасай иммунобиологиялық дәрілік препараттарды, оның ішінде қазіргі уақытта қазақстандық ғалымдар клиникаға дейінгі сынақтарымен айналысып жатқан COVID-19-ға қарсы вакциналарды шығарады деп жоспарланып отыр.

Естеріңізге сала кетсек, қазақстандық ғылыми-зерттеу институтының коронавирус инфекциясына қарсы екі кандидаттық вакцинасы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының тізіміне енгізіліп, клиникаға дейінгі сынақтардан сәтті өтіп жатыр. COVID-19-ға қарсы екінші вакцина ДДСҰ сайтында 31 шілдеде кандидат ретінде тіркелген.

ҚР БҒМ Ғылым комитеті Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының денсаулық сақтау үшін аса қауіпті инфекцияларға қарсы вакциналар әзірлеудегі жұмыс тәжірибесі мол. Алғашқы белсендірілмеген қазақстандық вакцина ДДСҰ сайтында 15 мамырда тіркеліп, бүгінде клиникаға дейінгі сынақтардан сәтті өтуде.