COVID-19: Нұр-Сұлтандағы госпитальдің қытайлық, өзбекстандық ауруханалардан айырмашылығы түсіндірілді

0
552

3 сәуірде ТЖ режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссия Қазақстанның үш ірі қаласында жұқпалы аурулар ауруханаларын салуды ұйғарды.


COVID-19: Нұр-Сұлтандағы госпитальдің қытайлық, өзбекстандық ауруханалардан айырмашылығы түсіндірілді

ERNUR.KZ. BI Group компаниясының басшысы Айдын Рахымбаев Қазақстанда салынатын коронавирус науқастарын емдеуге арналған госпитальдің басты айырмашылықтарын түсіндірді, деп жазады ҚазАқпарат.

«Біздің аурухананың Қытайдағы госпитальден басты айырмашылығы - тұрақты стационар болуында. Қытай да эпидемияны толық бағамдап, бір айдан кейін ғана құрылысты бастап еді. Себебі олар қанша орын қажет болатынын есептеді. Олар да модульдік госпитальді әкеп қойды», - деді Айдын Рахымбаев құрылыс маңында тілшілерге берген сұхбатында.

Өзбекстандағы аурухана құрылысында ауа райы да маңызды рөл атқарған.

«Қазір Ташкентте күн жылы. Сондықтан оларға стационар салу қажет болмады, шатырлық-контейнерлік қалашық тұрғызды. Бірақ, біздің міндетіміз басқа. Уақытша аурухана тұрғызып, қайтадан бұзу тиімсіз. Сондықтан Үкімет дұрыс шешім қабылдады. Бірден, стационарлық жұқпалы аурулар ауруханасы салынады», - деді А. Рахымбаев.

Еске сала кетсек, бүгін елордалық журналистер COVID-19 вирусын жұқтырғандарды жатқызуға арналған госпиталь құрылысымен танысты.

3 сәуірде ТЖ режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссия Қазақстанның үш ірі қаласында жұқпалы аурулар ауруханаларын салуды ұйғарды. Оның құрылысына тез тұрғызылатын құрылымдар қолданылмақ .