Дәрі алдырту үшін Ресейге екі, Үндістанға бір жүк борты жіберіледі – министр

0
563

Алексей Цой отандық фарм-өндіріс орындары да қарқын ала бастағанын айтты.


Дәрі алдырту үшін Ресейге екі, Үндістанға бір жүк борты жіберіледі – министр

ERNUR.KZ. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен "Короновирустық инфекция және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жағдайы туралы" онлайн брифинг барысында ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой айтты, деп жазады baq.kz.


Қазіргі таңда дәрі-дәрмекпен қамту мәселесіне баса назар аударылып отыр. Бүгінде дәрі нарығының дамуына көмектесіп отырған еліміздегі қауымдастықтармен, бөлшек сауда сегментіндегі жаппай сауда компанияларымен жүйелі келіссөздер жүргізілді. Бұл арада елдегі бөлшек сауда сегменті коммерциализацияланғанын түсіну керек. Кейбір медициналық ұйымдардың жеке дәріханалары болмаса, Қазақстанда мемлекеттік дәріхана жоқ десе де болады. Біз елімізде дәрі тапшылығын болдырмау жолдарын қарастыра отырып, бірер күн бұрын негізгі бұйрық шықты, соған сәйкес, бірқатар мәселе шешімін тауып, дәрілік заттар нарыққа жедел жеткізілді. Қазірдің өзінде елімізге келген дәрі-дәрмектер қоймалардан бөлшек сауда желілеріне жеткізіліп жатыр, - деді ол.

Министр бұдан бөлек Үкіметпен бірге қосымша көмек мәселесі жасалғанын айтты. Оның айтуынша, түрлі қауымдастықтар мен жаппай сауда жеткізушілері өкілдерінің басын қосып, оларға қандай көмек керегін сұраған.

Компаниялар дәрі-дәрмек әкелінетін негізгі мемлекеттер арасындағы логистикалық жеткізіп беру жағынан көмек керегін айтты. Бүгін бізден Ресейге 2 жүк борты жіберіледі, осылайша, біз ол жақтағы қазақстандық жапай сауда компанияларына ел нарығында ажиотаж тудырған негізгі препараттарды жеткізуде қол ұшын бермекпіз. Сондай-ақ, ертең тағы бір жеке жүк борты Үндістанға жіберіліп, ол жақтан да қажетті дәрі-дәрмек алдыртуды жоспарлап отырмыз, - деді ол.

Алексей Цой отандық фарм-өндіріс орындары да қарқын ала бастағанын айтты. Бірқатар зауыттар үш ауысымдық жұмыс форматына ауысқан.