Дәрігерлер Жамбылда түйнеме жұқтырғандардың жағдайын айтып берді

0
976

Жуырда ақпарат көздерінде өңір тұрғындарының «сібір жарасын» жұқтырғаны туралы ақпарат тарағаны еді.


Дәрігерлер Жамбылда түйнеме жұқтырғандардың жағдайын айтып берді

ERNUR.KZ. Жамбылда түйнеме дертін жұқтырған науқастардың жағдайы бірқалыпты, деп жазады ҚазАқпарат.

Жуырда ақпарат көздерінде өңір тұрғындарының «сібір жарасын» жұқтырғаны туралы ақпарат тарағаны белгілі. Ауруы анықталған науқастардың қазіргі денсаулық жағдайы туралы облыстық штаб отырысында айтылды.

Жиында облыстық Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшының орынбасары Ғазиз Надуев түйнеме дертіне күдікті диагнозымен облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылған екі науқастың қазіргі жай-күйіне тоқталды.

«Бұл 12 қыркүйекте болған жайт. Емдеу мекемесіне түйнеме індетіне күдікті диагнозымен екі азаматтың жатқызылғаны туралы телефон арқылы ақпарат түсе сала, шұғыл хабарлама беру сызбасына сай барлық құзырлы мекемелерге хабар бердік. Осыған орай тиісті сала мамандары бірлесе отырып, індеттің ошағы мен аумағын анықтау мақсатында эпидемиологиялық-эпизоотиялық зерттеу жүргізді. Олардың Жамбыл ауданы Айша бибі ауылының 1995 және 1975 жылы туған азаматтары екені анықталды. Олар 1-2 қыркүйек күні Жуалы ауданында ветеринарлық дәрігердің рұқсатын алмай, індет жұқтырған малдарды сойған. Ал олар бір шаруа қожалығына тиесілі екен. Осы қосымша зерделеу жұмыстарының арқасында аталған қожалықтың малшысы – Жуалы ауданы, Ынтымақ ауылының тұрғындары 1971 жылғы азамат пен оның 1983 жылғы әйелінен де түйнеме індетінің белгілері анықталып, шұғыл облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылды. Бүгінде науқастардың жағдайлары тұрақты қанағаттанарлық, емдерін жалғастыруда», – деді ол.

Жиында белгілі болғандай, тексеру кезінде науқастармен қарым-қатынаста болған 44 адам анықталыпты. Олардың 11-і – Жуалы, 10-ы – Жамбыл аудандарының азаматтары болса, 23-і Тараз қаласынан. Қазір олардың бәрі медициналық бақылауға алынған.

Арнайы мамандар ауру мал қамалған қора, жайылымнан жедел 160 сынама алып, тексеру жүргізген. Оның 5-еуі оң нәтиже берген. Ауру ошағы анықталған жерде камералық және қорытынды дезинфекциялық жұмыстары толығымен жүргізілді. Сонымен қатар 20 тамыздан 11 қыркүйек аралығында жеке шаруашылыққа тиесілі 23 ауру ірі қара сойылғаны белгілі болып отыр. Бүгінде олардың еттері қайда өткізілгенін құзырлы мекеме мамандары анықтап жатыр.

Айта кетерлігі жергілікті лаборатория сынамадан індеттің бар екенін анықтаған болса, министрлікке қарасты зертхана ешқандай ауру белгісін таба алмаған. Алынған сынаманың екі түрлі нәтижесі күдік туғызады. Осыған қатысты штаб төрағасы, облыс әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев тиісті сала мамандарына нақты тапсырма берді.

«Министрліктің лабораториясы оны анықтай алмаған болса, оны хабарлау керек. Егер ол мекеменің құрал-жабдықтары жаңартуды қажет етсе, оған қаражат бөлу жағын қарастыруға тиіспіз. Ал егер мамандар біліктілік талаптарына сай келмесе, олардың жауапкершілігін қарау керек. Зерделеу жұмыстарының қорытындысын күтіп, осы бойынша жұмыс істеуге тиіспіз»,– деді Еркебұлан Дауылбаев.

Жиында осы салада атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталған облыстық ветеринария басқармасының басшысы Оспан Бердияров аталмыш індет тіркелгеннен кейін зерделеу жұмыстары басталып кеткенін жеткізді.

Мамыр-маусым айларында сібір жарасының ошақтарынан сынамалар алынған екен. Бірақ ешқандай індет анықталмаған. Басқарма басшысының айтуынша, мал еті арқылы дерт таратуы мүмкін әрі ең қауіпті саналатын орын – шұжық шығаратын цехтары.

«Біз жүйелі жұмыс жүргізу үшін, ветеринария саласы бойынша тиісті сала мамандарын тарта отырып, нақты ереже бекітуге тиіспіз. Бұл нәтижелі жұмыс жүргізудің кепілі болмақ. Сонымен қатар қала мен аудан бойынша малдардың екпемен қамтылуына, елд мекендердегі шаруашылық қожалықтарына және олардың мал санына зерделеу жұмысын жүргізу керек», – деген Еркебұлан Дауылбаев ереженің жобасын дайындауды тапсырды.