ДДСҰ басшысының қазақ келіні ұл туды

0
546

Бұл ақпаратты ДДСҰ басшысының келіні Айдананың атасы Жүрсін Ерман растады. Оның айтуынша, жаңа туған сәбиге Кай деген есім берген.


ДДСҰ басшысының қазақ келіні ұл туды

ERNUR.KZ. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының басшысы Тедрос Адханом Гебрейесустың немересі дүниеге келді, деп жазады Tengrinews.kz.

Бұл ақпаратты ДДСҰ басшысының келіні Айдананың атасы Жүрсін Ерман растады. Оның айтуынша, жаңа туған сәбиге Кай деген есім берген.

"Атын мен емес, баланың ата-анасы қойды. Оны Кай деп атады", - деді Жүрсін Ерман.

Ол қазақстандық Айдана мен Тедростың ұлы Аммануилдің (Оман) екінші баласы екені белгілі болды.

Қазір олар Швейцарияда тұрады. Айдананың анасы жаңа жылды құдаларымен өз үйінде қарсы алатындарын, бешбармақ дайындайтынын айтты. Оның айтуынша, жаңа туған немересі Тедросқа ұқсайды. Баланың салмағы - 4150 грамм, бойы - 52 сантиметр. Ол 29 желтоқсанда дүниеге келді.

Жақында қазақстандықтар ДДСҰ басшысының келіні белгілі айтыскер Жүрсін Ерманның немересі екенін білгенде таңғалған еді.

"Менің Ардақ деген кіші қызым бар. Содан туған Айдана деген жиен қыз бар. Айдананы ертеде Жаңа Зеландияға оқуға жіберіп, мектепте оқытқанбыз. Тіл үйрену деген науқан басталған. Сол елдің мектебін бітірген соң Швейцарияға барып, өзі академияға оқуға түсті. Соны бітірген соң Испанияға барып, магистратурасын оқыды. Жиен қыз қазір 30-ға келді. Осыдан төрт жыл бұрын тұрмысқа шықты. Сол кезде Алматыда ұзату тойын жасадық. Сол шыққан күйеуі ВОЗ-дың (ДДСҰ-ны айтып отыр) бас директорының Оман деген үлкен баласы болып шықты", - деді Жүрсін Ерман.

Бұған дейін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының басшысы Тедрос Адханом Гебрейесус әлеуметтік желіде ақын Жүрсін Ерманға арнап, қазақ тілінде видео жариялаған еді.

"Құрметті Жүрсін құда! Сіздерді мерейтойыңызбен құттықтаймын. Мықты денсаулық және ұзақ өмір тілеймін. Құдалығымыз мың жылдық болсын", - деді ДДСҰ бас директоры Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткеріне.