Демалыс күндері енгізілетін шектеу шаралары қашан алынады

0
533

Біздің міндетіміз – эпидемиологиялық ахуал тұрақтылығын сақтау және аурудың одан ары төмендеуіне қол жеткізу - Айжан Есмағамбетова.


Демалыс күндері енгізілетін шектеу шаралары қашан алынады

ERNUR.KZ. Еліміздің Бас мемлекеттік санитар дәрігері Айжан Есмағамбетова демалыс күндері шектеу шараларын алу мәселесіне орай пікір білдірді, деп жазады ҚазАқпарат.

«Демалыс күндері шектеу шараларын алып тастау туралы мәселе әзірге қарастырылмайды. Бізде демалыс күндері онсыз да аздаған ғана шектеу қалып отыр. Ол демалыс күндері адамдар көп жиналатын сауда, ойын-сауық орталықтарының, жабық базарлардың, фитнес-орталықтардың, спа-орталықтардың және сұлулық салондарының жұмысына ғана шектеу бар. Бұл өте төменгі талап саналады. Біздің міндетіміз – эпидемиологиялық ахуал тұрақтылығын сақтау және аурудың одан ары төмендеуіне қол жеткізу», - деді Айжан Есмағамбетова.

Айта кетейік, бүгін елордадағы №6 қалалық емханада маусымдық тұмауға қарсы екпе салдырған ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цоймен бірге еліміздің Бас мемлекеттік санитар дәрігері Айжан Есмағамбетова да келген болатын.

Бас мемлекеттік санитар дәрігер БАҚ өкілдеріне сұхбат беру барысында 20 қыркүйектен кейін карантин шаралары қатаңдатылады деген қауесетке жауап берген еді.

«Маусым-шілде айындағы ауруға шалдығумен қарағанда бүгінде елдегі эпидемиологиялық ахуалдың тұрақты екендігін айта аламыз. Мемлекеттік органдардың ақпаратын, яғни, ресми ақпараттарды ғана пайдаланыңыздар. Жиын өтіп, талқылаудан кейін қыркүйекте карантин енгізеді деп жүргендерге айтарым, мұндай ресми ақпарат жоқ. Барлығы да эпидемиологиялық ахуалға байланысты», - деді Бас санитар дәрігер.