Денсаулық сақтау министрлігі менингитке қарсы вакциналау шарасын жүргізбейді

0
1 166

Оның сөзіне қарағанда, еліміздегі нормативтік құқықтық базаға сәйкес, вакциналау туралы шешімді инфекциялар бойынша ұлттық үйлестіру консультативтік комитеті қабылдайды.


Денсаулық сақтау министрлігі менингитке қарсы вакциналау шарасын жүргізбейді

ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов менингитке қарсы вакциналау жұмыстарының неге жүргізілмейтінін түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Біз қажетті эпидемиологиялық және медициналық көмекті ұйымдастыру жұмыстарын барша өңірлер бойынша қамтыдық. Өткен аптада менің бұйрығыммен арнайы республикалық штаб құрылды, сонымен қатар әр облыстың негізінде өңірлік штабтар да жасақталды. Біз күн сайын барлық ақпараттарды үйлестіреміз», - деді Біртанов Орталық коммуникациялар қызметінде.

Оның сөзіне қарағанда, еліміздегі нормативтік құқықтық базаға сәйкес, вакциналау туралы шешімді инфекциялар бойынша ұлттық үйлестіру консультативтік комитеті қабылдайды.

«Өткен аптада осы комитеттің отырысы өтті. Оның құрамына барлық инфекционистер мен эпидемиологтар кіреді. Олар вакциналау туралы шаралар қазір ерте деген шешім қабылдады. Сәйкесінше, екпелердің ұлттық күнтізбесіне менингит бойынша вакциналауды енгізудің қажеттігі жоқ. Бұл өз кезегінде тиімсіз болады», - деді ведомство басшысы.

Осы орайда ол ауруға шалдыққандардың саны бүгінде орташа қадағалау деңгейінде екенін атап өтті. Е. Біртановтың айтуынша, менингокк бактерияларының түрлері үшін көптеген вакциналар бар. Жалпы, олардың екеуі пайдаланылып келеді, қазіргі кезде оның ішінде біреуі Қазақстанда тіркелген. Министрдің атап өтуінше, вакциналарды тіркеу фармацевтикалық компаниялардың өтінімі бойынша іске асады. Қажет болған жағдайда, бұл препараттар бірден кіргізіліп, вакциналау басталады.

«Ауруға шалдығудың екі кезеңі бар. 100 мың тұрғынға шаққанда аптасына үш оқиға тіркелсе, штабтарды құру басталады. Бүгінде бізде бұл деңгей екі есеге төмен. Яғни біз профилактикалық, алдын алу шараларын ерте бастадық. Вакциналау мәселесі 100 мың адамға шаққанда аурудың 10 оқиғасы тіркелген кезде көтеріледі. Сәйкесінше, ауруға шалдығу деңгейі жеті есеге төмен. Сондықтан вакциналау шаралары бойынша мәселе көтерілген жоқ», -деді Е. Біртанов.

Бұдан бұрын хабарланғандай, министр 2018 жылы Қазақстанда менингиттен 12 адам көз жұмғанын айтты.