Денсаулық сақтау басқармаларын қайтадан министрлікке бағындыру керек - министр

0
847

Келесі мемлекеттік бағдарламалардың неге орындалмағаны туралы Сіздерді тұрғызып, сұрап отырғымыз келмейді.


Денсаулық сақтау басқармаларын қайтадан министрлікке бағындыру керек - министр

ERNUR.KZ. ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов өңірдегі денсаулық сақтау басқармаларын қайтадан министрлікке бағындыру мәселесін көтерді, деп жазады ҚазАқпарат.

«Халықтың денсаулығын сақтау мен медициналық көмек сапасын арттырудың негізгі мәселелері жергілікті атқару органдарының құзырында бола тұра, қаражат жеткілікті бола тұра, мемлекеттік бағдарлама шараларында алшақтық туып, өңірлерде орындалмаса, қисынды сұрақ туындайды. Жалпы жабдықтауға 49 млрд теңге бөлінеді. Кейбір әкімдіктер жылына 1-6 млрд теңгені материалдық жабдықтауға жұмсайды», - деді Елжан Біртанов елордада министрлік алқасының кеңейтілген отырысында.

Министр қаражат пен нормативті-құқықтық базаның және ЖОО бар екенін айтып, сәйкесінше, атқару тәртібі жөнінде мәселе туындайтынын жеткізді.

«Денсаулық сақтау басқармаларын Денсаулық сақтау министрлігіне қайта бағындыру мәселесін көтереміз. Мұны Үкімет пен Президент Әкімшілігіне дейін жеткіземіз. Келесі мемлекеттік бағдарламалардың неге орындалмағаны туралы Сіздерді тұрғызып, сұрап отырғымыз келмейді. Денсаулық сақтау басқармаларының басшысын министрлік тағайындайтын бұрынғы жүйені қайтару керек», - деді Елжан Біртанов.

Айта кетейік, елордада 2019 жылдың жартыжылдығына арналған ҚР Денсаулық сақтау министрлігі алқасының отырысы өтіп жатыр. Отырыста 2016-2019 жылдары денсаулық сақтауды дамытуға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы, 2019-2020 жылдарды қамтитын бастапқы медициналық-санитарлық көмекті дамыту шараларының жоспары, 2019 жылға арналған ҚР ана өлімін азайту бойынша жедел жоспар, 2019-2021 жылдарға арналған балалар өлімін азайту бойынша шаралар жоспары, кадрлық қамтамасыз ету және денсаулық сақтау саласының қызметкерлерін әлеуметтік қолдау, денсаулық сақтау саласына инвестициялар тарту мәселесі қаралады.