Депутат ұялы байланыс операторларының жымысқы әрекетін әшкереледі

0
775

Ол Activ, Kcell, Beeline ұялы байланыс операторлары 2019 жылы жаңа тарифтік жоспарға көшіп, қулыққа барып отырғанын айтты.


Депутат ұялы байланыс операторларының жымысқы әрекетін әшкереледі

ERNUR.KZ. "Ақ жол" депутаттары ұялы байланыс операторларының өзара ымыраласып, бағаны қолдан көтеріп алды деген күдік келтіріп, оларға қатысты арнайы тергеу жүргізуді сұрайды, деп жазады Zakon.kz.

ҚР Премьер-министрінің орынбасары Роман Склярға Екатерина Никитинская осындай депутаттық сауал жолдады.

Ол Activ, Kcell, Beeline ұялы байланыс операторлары 2019 жылы жаңа тарифтік жоспарға көшіп, қулыққа барып отырғанын айтты. Мысалы, айына бір рет төленетін төлемді олар жаңа тарифтік жоспар бойынша төрт аптада бір рет алатын болған, нәтижесінде ұялы байланыстың әрбір қолданушысы жыл бойына, әдеттігдей 12 рет емес, 13 рет баланс құюға мәжбүр.

"Шындығында, олар елге білдірмей, тарифтерді жасырын көтеріп отыр. Көрсеткен қызметінің құны жасырын түрде сонда 8 процентке өскен. Оның үстіне бұл өзгерістерді ұялы байланыс операторлары біржақты тәртіппен шешкен, тіпті бұл туралы өз тұтынушыларын тиісті түрде ескертпеген. Бұл жағдай Ұялы байланыс қызметтерін ұсыну ережелеріндегі солқылдақ тұстың болуы салдарынан орын алды", - деді Никитинская.

Депутат операторлардың тарифтік жоспарларының өзгеруі бір мезетте бірдей орын алғанына баса назар аударуды сұрады.

"Қазіргі уақытта ұялы байланыс операторлары нарығында "Қазақтелеком" доминанттыққа ие. Ол қолданыстағы үш оператордың екеуін басқарады, яғни Қазақстан нарығының 60,4%. 2018 жылы ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу, тұтынушылардың құқықтарын және бәсекелестікті қорғау комитеті "Қазақтелеком" АҚ-тың Kcell бақылау пакетін сатып алу туралы мәмілесі туралы келісімге отырды. Бұл жағдай нарықты реттеу бойынша міндеттерді Ұлттық экономика министрлігіне жүктейді. Оның үстіне жаңа тарифтік жоспарлардың енгізілуі операторларға жылына шамамен 38-55 млрд теңге көлемінде қосымша табыс әкеледі", - деді ол.

Халық қалаулысы бұл нарықтағы қазіргі жағдайды зерттеп, зерделеуді сұрайды.

""Ақ жол" Ұялы байланыс қызметтерін ұсыну ережелеріне қажетті өзгертулер енгізуді және құқықтық қорғаудың тиімді тетіктерін жасауды сұрайды. Сонымен қатар, операторлардың баға қоюда астыртын өзара келісіп алу ықтималдылығы мәселесін зерттеу; телекоммуникациялар нарығындағы жағдайға диагностика жасау және бәсекелестікті арттыру бойынша іс-қимыл бағдарламасын жасау; "Цифрлы Қазақстан" бағдарламасын іске асыру үшін тарифтерді жасырын өсуі нәтижесінде алынған қосымша кірістердің басым көпшілігін операторлардың кірістеріне бағыттау бойынша шараларды қамтамасыз ету қажет", - деп сөзін қорытындылады Екатерина Никитинская.