Депутат жол салу мен жөндеуді кешіктіретіндер туралы айтты

0
1 196

Депутат құрылысы ұзаққа созылған жолдарды атады


Депутат жол салу мен жөндеуді  кешіктіретіндер туралы айтты

ERNUR.KZ. Мәжілістің Үкімет сағатында депутат Нұртай Сабильянов «Нұр жол» бағдарламасы бойынша құрылысы ұзаққа созылған жол учаскілерін атады, деп жазады Baq.kz.

Оның айтуынша, автомобиль жолдарын дамытуға «Нұр жол» бағдарламасы бойынша бюджеттен 2 трлн 400 млрд теңге бөлу қарастырылған. Соған қарамастан аталған бағдарламада олқылықтар тіркелген.

«Мәселен 2016 жылға жоспарланған «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізінің Шымкент пен Тараз қалаларының арасындағы жекелеген учаскілерді реконструкциялау жұмысы 2018 жылғы 1 қаңтардан әлі де аяқталмаған. Ұзындығы 245 шақырым болатын «Алматы-Талдықорған» автожолын реконструкциялауды аяқтау 2015 жылға жоспарланған. Алайда бұл жұмысты іс жүзінде ағымдағы жылы ғана аяқтау күтіліп отыр. Дегенмен, бұл жол 6 жыл бойы салынып жатыр», - деді Нұртай Сабильянов.

Сонымен қатар депутат ұзындығы 441 шақырым болатын «Астана-Павлодар» жолын реконструкциялауды 2016 жылы аяқтау жоспарланғанымен, аталған учаскіде құрылыс әлі аяқталмағанын айтты.

«Аталған жол учаскісін пайдалануға беру мерзімдері бірнеше мәрте бұзылғандықтан және ауыстырылғандықтан учаскіде 200 шақырым ғана жол қозғалысы ашық. Қалған 221 шақырым жолда құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқандықтан, ол жүргізушілер мен жолаушылар үшін қолайсыздық туғызып, авариялық жағдай төндіруде. Жалпы бұл жол 5 жылдан астам уақыт бойы салынып жатыр», - деді ол.

Сондай-ақ Нұртай Сабильянов Орталық-Батыс дәлізі бағытындағы проблемалы учаскілердің біріне тоқталды.

«Атырау-Астрахань учаскісі, бұл жолдарды іске асыру әлі басталған жоқ. Тағы бір проблема – бұл Атыраудан Ақтөбеге баратын жол. Бұл жердегі себеп те сол – жобаны іске асыру мерзімінің бұзылуы және ауыстырылуы. Балқаш – Бурылбайтал және Күрті – Бақты республикалық маңызы бар автожолының салынып жатқанына 10 жыл болды. Ол бойынша салынатын 20 шақырым жол қалды», - деді депутат.

Оның пікірінше, «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын әзірлеу кезінде барлық жобаны сарапшылар мұқият есептеп, кейіннен уәкілетті органның бекіткеніне қарамастан бағдарламаны іске асыру мерзімдерінің бұзылу проблемасы жүйелі сипат алып отыр екен.

«Бұл жолдарды салу жыл сайын қосымша бюджет қаражатын талап етеді. Сонымен бірге автомобиль жолдарын салу және жөндеу кезінде 2017-2018 жылдары тіркелген 6 қылмыстық құқық бұзушылықтар да алаңдатады. Сондықтан да бағдарлама бойынша жол салуды жөндеуді тапсыру мерзімдерін бұзғаны үшін әртүрлі деңгейдегі орындаушылардың жауапкершілігін қатаңдату қажет», - деп түйіндеді сөзін Нұртай Сабильянов.