Депутаттар Цойға сауал жолдады

0
574

Екінші жыл қатарынан жалғасып жатқан эпидемиологиялық жағдай шиеленісе түсті, дейді депутаттар.


Депутаттар Цойға сауал жолдады

ERNUR.KZ. «Ақ жол» депутаттары Денсаулық сақтау министріне ковидтік ауруханалардағы медицина қызметкерлерінің штат санының нормасын қайта қарауды ұсынды, деп жазады baq.kz.

«Ақ жол» демократиялық партиясына науқастарға толған ауруханаларда медициналық персоналдың жетіспеушілігіне байланысты орын алған жағдай бойынша азаматтардан шағым түсуде. Екінші жыл қатарынан жалғасып жатқан эпидемиологиялық жағдай шиеленісе түсті, ауруханалар мен медициналық қызметкерлер физикалық жағынан да, эмоционалдық тұрғыдан да қажып, соңғы күштерін аямай жұмыс жасауда, - деді депутат Мақсат Раманқұлов.

Ол науқастарды тәулік бойы медициналық бақылауды көздейтін стационарлық емдеу қарастырылған медициналық мекемелердегі штат санының үлгілік нормалары бұрынғы қалпында қалып отырғанын айтты. Бұл қазіргі жағдайда қажеттіліктерді қанағаттандырмайтынын, сол себепті шұғыл қайта қарауды талап ететінін жеткізді.

Мысалы, стационарлық бөлімше 25 науқасты емдеуге есептелген, штаттық кестеге сәйкес оларға үш медбике қызмет көрсетеді. Алайда осы жазда мұндай бөлімдерде 40-45 науқастан емделді, олардың барлық процедураларын сол үш медбике орындауға мәжбүр. Сонымен қатар олар 8-10 сағат бойы ауа өткізбейтін арнайы қорғаныс киімдерімен жұмыс істейді, бұл физикалық тұрғыдан өте қиын, - деп түсіндірді Мақсат Раманқұлов.

Ол сонымен қатар өз оттегі станцияларымен жабдықталмаған кейбір ауруханаларда сол медбикелер 90 келі оттегі баллондарын кейде 2-3 қабатқа тасымалдауға мәжбүр болып жүргенін айтты.

Мұндай жұмыстың атмосферасының өзі өте ауыр. Дәрігерлер барлық күш-жігерлерін жұмсап, дәрменсіз күйде өмірмен қош айтысып жатқан пациенттердің арасында тәулік бойы болатынын ескеру қажет. Осылайша дәрігерлер мен медбикелер науқастарға жылы сөз айтып, олардың отбасыларымен байланыста болып, психолог ретінде де қолдау көрсетіп келеді. Бірақ сол дәрігерлердің жан айқайын кім тыңдамақ? Мұндай жүктеме көрсетілетін қызметтердің сапасына теріс әсер ететініні еске салудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Физикалық шаршау жинақталып келіп, эмоционалды күйзеліс пайда болады, - деп айтты депутат Мәжілісте.

Ол «Ақ жол» партиясы дәрігерлер мен кіші медицина қызметкерлеріне түсетін жүктемелерге сәйкес ауруханалардағы медициналық персоналдың тиісті нормаларын қайта қарауды ұсынды.