Дезинфекция халыққа жасалған қастандық - адвокат

0
895

​Алматылық адвокат Жангелді Сүлейменов қаладағы дезинфекция жұмыстарына жауаптыларды сотқа бермек.


Дезинфекция халыққа жасалған қастандық - адвокат

иллюстрациялық фото

Вирусқа қарсы шашылған дәрі-дәрмектен ондаған мың қазақстандық зардап шегуде. Заң маманының сөзінше, дезинфекция халыққа жасалған қастандық, деп хабарлайды ERNUR.KZ Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.

Белгілі адвокат Жангелді Сүлейменов Алматыдағы дезинфекцияға жауапты тұрғын үй саясаты басқармасына жұмыстарды тоқтатуды талап етті. Оның айтуынша, тұрғын үйлерді залалсыздандыратын "глюзамин" сұйықтығы мен тез еритін "акма-хлор" дәрісі адамдарға аса қауіпті. Күніне сегіз мың подъезд және мың үш жүз аулаға себілетін препараттарды қолдану барып тұрған қастандық, дейді құқық қорғаушы.

"Сұйықтықты жасау ережесінде мұқият болу керек екені белгілі. Қолғап, бетперде киюді де міндеттейді. Демек, бұл адам үшін қауіпті. Ал бізде бұл заттармен подъезд, аула мен балалар ойнайтын жерлерде дезинфекция жасап жүр. Әсіресе, аллергиясы бар, тыныс алуы қиын адамдарға қастандық жасалды деп ойлаймын"- дейді адвокат Жангелді Сүлейменов.

Инфекция ошақтарында қолданылатын сұйықтық пен таблетканы қауіпті екеніне дабыл қаққан адвокаттан бөлек, оқырмандары да сенеді.

Пандемия басталған тұста, яғни наурыз айында Алматыда көгершіндер өлекселері табылған еді. Жергілікті жұрт қаннаттылардың қырылуы дезинфекциядан десе, биліктегілер "мұзды еріткенде химиялық қоспаны қостық, сонан су болып еріген мұзды ішкен құстар уланып қалды" деп ақталған болатын. Эпедимиологиялық хал-ахуалға жауаптылар да індет келгелі қолданатын сұйықтықтар қауіпсіз екенін айтады.

Алмаш Ахметова, Қалалық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің бөлім жетекшісі:

"Бұл екі "глюзамин", "акма-хлор" да Қазақстанда өндірілген. Санитарлық гигиеналық талаптарға сәйкес келеді. Мемлекеттік реестрде тіркелген және өндіруге, сатуға рұқсат етілген препараттар. Бұлар адамдарға зияны жоқ. Қауіпсіз. Сонымен қатар, жануарларға, құстарға зиян тимейді".

Ашық ақпарат көздерінде екі препараттың да Қазақстанда жасалатыны көрсетілген. "глюзомин" сұйықтығы туралы ақпарат аз болса, "акма-хлор" дәрісінің құрамында 80 пайыз хлор мен қышқылды натрий тұзы бар екені көрсетілген. Ал, аллерголог-иммунолог Арман Байділов мамандар қанша жерден бұл химиялық заттар қауіпсіз десе де, сақтық шаралары ескерілмесе, бірінші кезекте адамның тыныс алу жолдарының шырышты қабаты зардап шегуі мүмкін, дейді.

Арман Байділов, аллерголог-иммунолог:

"Біздің күнделікті тұрмысызда да қолданып жүрген кәдімгі хлорка, ағартқыш, ол да өте зиянды. Тыныс жолдарымыздың химиялық күйігін туғызуы мүмкін. Сондықтан қолдану тәсілін инструкция бойынша орындау керек".

Алматыдағы тұрғын үй саясаты басқармасының сәуірдегі мәліметінше, дезинфекциялау жұмыстарына 293 миллион теңге бөлініпті. Ондағы шенеуніктерге бір подъезде вирус көзін жою үшін 600 теңгеден 9 мың теңгеге дейін кетеді-мыс. Осы ретте айта кеткен жөн, аула мен үй дезинфекциясына тек әкімдіктер жауап берсе, көшелерді Қорғаныс министрлігі заласыздандырады. Біз олардан да ақпарат алғымыз келді. Алайда, ведомстводағылар бізге жауап бермеді.