Дінмұхамед Қонаевтың ескерткіші ашылды

0
580

Ескерткіш демеушілер есебінен тұрғызылды.


Дінмұхамед Қонаевтың ескерткіші ашылды

ERNUR.KZ. Алматы облысы Бақанас ауылында мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевтың ескерткіші ашылды, деп жазады inbusiness.kz.

Облыс әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, ашылу салтанатына жергілікті билік өкілдері, депутаттар, зиялы қауым өкілдері, аудан жұртшылығы қатысқан.

Өңір басшысы Қанат Бозымбаев ескерткіш авторлары мен халықаралық "Дінмұхамед Қонаев қорына" алғыс айтты.

"Биыл халқымыздың біртуар перзенті, мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевтың туғанына – 110 жыл. Президент жарлығымен Қапшағай қаласына Қонаевтың есімі берілді. Бүгін, міне, қазақтың аяулы перзентіне үлкен құрмет көрсетіліп, еңселі ескерткіш орнатылды. Ірі тұлғалардың ерен еңбектерін үлгі етіп, ұлыларды ұлықтау – басты парызымыз. Дінмұхамед Қонаевтың бойындағы ұлтжандылық жастарға жұғысты болсын! Қазақтың дара тұлғасының ескерткіші құтты болсын!", – деді облыс әкімі.

Жиын соңында Дінмұхамед Қонаев рухына құран бағышталып, ас берілді.

Жалпы ескерткіш күрті гранитінен жасалған. Тұғырының биіктігі – 2 метр, мүсінінің биіктігі – 3,30 метр, ескерткіштің тұтастай алғанда – 5,30 метр.

Мүсіннің авторы – Алтай Бейсенов, сәулетшісі – Бекзат Бейсенова.