Диплом жұмысын сататындар және ақшаға жазып беретіндер жазалануы мүмкін

0
3 567

Агенттік өкілдерінің сөзінше, ақшаға диплом жазатындарға, оны сатып алушыларға жаза қолдану арқылы ғана білімге қойылатын талап күшейеді.


Диплом жұмысын сататындар және ақшаға жазып беретіндер жазалануы мүмкін

ERNUR.KZ. Интернет желісінде ашық түрде диплом, магистрлік ғылыми жұмыстарды жазып, сататындар жазалануы мүмкін. Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысындағы департаменті осындай бастама көтерді, деп жазады ҚазАқпарат.

Осы қызметтің жарнамасына заңды түрде тыйым салу бастамасы Алматы облысында көтерілді. Ұсыныс білдірушілер бірінші кезекте диплом, диссертациялық жұмыстардың арнайы базасын енгізу қажет деп отыр. Себебі, осы база арқылы ғана әр дипломның қанша рет қолданылғаны, қалай, қайдан шыққанын анықтау мүмкін болады дейді олар. Сонымен қатар, диплом жұмыстарын антиплагиатқа тексеру жөніндегі құзіретті жоғары оқу орындарына емес, уәкілетті органдарға беру қажет.

«Ондай сайттарға Қазақстанда тыйым салынбаған. Сол мәселеге мемлекет, Үкімет, министрліктің назарын аударып, ұсыныс жасап, осы бойынша оған шектеу қоятын, жазаға тартатын, айыппұл салатын ержелерді енгізуіміз керек», - деді ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментінің басшысы Серікбай Нұрғисаев.

Агенттік өкілдерінің сөзінше, ақшаға диплом жазатындарға, оны сатып алушыларға жаза қолдану арқылы ғана білімге қойылатын талап күшейеді.

Қазір дипломды да, ғылыми жұмысты да еш қиналмастан интернет арқылы жаздырып алуға болады. Ол үшін ғаламторды ашып, диплом жұмысы деген сөзді терсеңіз болды, түрлі ұсыныстар қаптап шыға келеді. Мәселен, колледждерге жазылатын дипломның құны - 50 мың теңгеден, бакалаврдікі - 65 мыңнан, ал докторлық диссертацияның бағасы 500 мың теңгеден басталады.