Елордалық екі мың теңге сыйы үшін айыппұл арқалады

0
3 484

Есеп қисабын өткіземін деп сыйақы берген


Елордалық екі мың теңге сыйы үшін айыппұл арқалады

фото: ҚазАқпарат

ERNUR.KZ. Елорда тұрғыны салық қызметшісіне ақшалай ризашылық беремін деп айыппұл төлейтін болды. Ол 2 мың теңгені салық есеп-қисабын өткізуге көмек бергені үшін бермек болған, деп жазады ҚазАқпарат.

«2018 жылдың 29 маусымында белгісіз адам алдын ала келісімінсіз Есіл аудандық мемлекеттік кірістер басқармасы жанама салықтарды әкімшілеу басқармасының бас маманына салық есеп-қисабын өткізуге көмек бергені үшін 2 мың теңге көлемінде ақша берген. Бұл жайында Мемлекеттік кірістер басқармасының бас маманының өзі хабарлағаннан кейін белгілі болды. Астана қалалық мемлекеттік кірістер департаментінің ішкі қауіпсіздік басқармасы жүргізген тексеру шарасы барысында лауазымды тұлғаға қатысты құқыққа қайшы әрекет жасаған елорда тұрғыны анықталды», - делінген Астана қалалық мемлекеттік кірістер департаменті таратқан ақпаратта.

Ведомство мәліметінше, Ішкі қауіпсіздік басқармасы қала тұрғынына қатысты «бас маманға заңсыз материалдық сыйақы ұсынау» фактісі бойынша материалдар жинап, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Астана қалалық департаментіне жолдаған. Нәтижесінде аталған азаматшаға қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 676-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, сот органдарының қарауына жіберілген.

«2018 жылдың 25 шілдесінде Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының қаулысымен аталған азаматша ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 676 бабы бойынша кінәлі деп танылды және 336 700 теңге көлемінде айыппұл салынды», - деп атап өтеді департамент баспасөз қызметі.