"Екі жобаны қатар жүргізе алмаймыз": Сағынтаев LRT құрылысы жайлы айтты

0
310

Талғар, Қаскелең мен Алматыны электричкамен жалғау үшін жұмыс істеп жатырмыз, деді Сағынтаев.


ERNUR.KZ. Алматы билігі Алматыдан Талғарға дейін электричканы іске қосуға қаржы құятын жеке инвесторды шақырды. Бұл туралы қала әкімі брифинг кезінде мәлімдеді, деп жазады sputnik.kz.

Сондай-ақ бұл электричканың Қаскелеңнен Талғарға дейін Алматы арқылы өтуі туралы айтты.

"Талғар, Қаскелең мен Алматыны электричкамен жалғау үшін жұмыс істеп жатырмыз. Бұл үшін жеке инвесторларды шақырдық. Қазір қала мен облысты байланыстыратын Алматы-Талғар бағыты пысықталып жатыр. Бұл автокөлік ағынын азайтып, адамдарды электр пойызы секілді экологиялық көлікке ауыстыру үшін жасалып жатыр", - деді Алматы әкімі.

Сонымен қатар ол Алматыда жеңіл рельсті трамвай (LRT) салу мәселесіне қатысты жұмыстың қалай жүріп жатқанын айтты. Сағынтаев қала әкімшілігі құрылысқа қажетті қаржыландыру таба алмай отырғанын жеткізді. Оның айтуынша, жобаны бастамас бұрын, оның тоқтамайтынына сенімді болу керек.

"Оны тұрғыза аламыз, бірақ қандай ақшаға саламыз? Жоба аяқталғаннан кейін құны миллиард долларға жуықтайды, біз бұл ақшаны қалай қайтарамыз?", - деді Алматы әкімі.

Қала басшысы бұл мәселені үкіметпен бірге талқылайтынын жеткізді.

"Олардың көзқарасы бойынша біз метро және LRT секілді екі ірі жобаны қатар жүргізе алмаймыз. Біз жарты жолда LRT құрылысын тастап кете алмаймыз, сондықтан құрылысын бастамас бұрын сенімді болу керек. Бірінші орында жобаны қаржыландыру тұр", - деп түсіндірді Сағынтаев.