Екібастұзда автокөлікті қуған полицейлер видеоға түсіп қалды

0
2 267

Көлік жүргізушісі жол-көлік оқиғасына себепші болып, қашып кеткісі келген.


Екібастұзда автокөлікті қуған полицейлер видеоға түсіп қалды

ERNUR.KZ. Екібастұзда тәртіп бұзушыны қуған полицейлер видеоға түсіп қалды, деп жазады Tengrinews.kz.

Көлік жүргізушісі жол-көлік оқиғасына себепші болып, қашып кеткісі келген.

Instagram-да жарияланған кадрларда екі автопатруль көк түсті жеңіл көлікті қуып бара жатқаны көрінеді. Көлік жүргізушісі жылдамдықпен қашып бара жатып, полиция көлігіне екі рет соқтығысады, бірақ бұл да оны тоқтатпайды. Ол бағдаршамға да тиеді, кейін басты жолдан бұрылғанда оны полицейлер бұғаттап тастайды.

"Мәшһүр Жүсіп көшесінде Toyota автокөлігінің жүргізушісі жол қауіпсіздігін қамтамасыз етпей, қашықтық сақтамай, Kia автокөлігімен соқтығысты. Содан кейін қашып кетті. Полиция қызметкерлерінің талабына қарамастан тоқтамады. Нәтижесінде 52 жастағы жүргізуші ұсталды",- деді Екібастұз қалалық полиция басқармасы басшысының бірінші орынбасары Қайыржан Шакарғалиев.

Медициналық куәландырудың нәтижесі бойынша, ер адам сау болған.

"Құқық бұзушыға қатысты ӘҚБтК-нің 599, 606, 610, 611 және 613-баптары бойынша әкімшілік іс қозғалды, материалдар сотқа жіберілді", - деді Павлодар облысы полиция департаментінің баспасөз қызметіндегілер.

Автокөлік арнайы айып тұрағына қойылды.