Екібастұздағы төтенше жағдай: әлі де 29 жеке үй жылусыз қалып отыр

0
560

28 қарашада Екібастұзда төтенше жағдай режимі жарияланды. Сол кездегі қала билігінің мәліметінше, 17 көпқабатты тұрғын үй, бес әлеуметтік және 21 заңды тұлға нысандары сағат 01:30-дағы жағдай бойынша жылусыз қалды.


Екібастұздағы төтенше жағдай: әлі де 29 жеке үй жылусыз қалып отыр

ERNUR.KZ. Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекин арнайы брифингі кезінде 29 жеке үй әлі де жылусыз қалып отырғанын мәлімдеді, деп жазады zakon.kz.

11 желтоқсандағы жағдай бойынша Екібастұзда 29 жеке үй әлі де жылусыз қалып отыр, деп мәлімдеді бүгін таңертең қала әкімі Аян Бейсекин арнайы брифингі кезінде.

"Жеке сектор бойынша сандар үнемі өзгеріп отырады. Кеше түндегі санақ бойынша, бізде жылусыз отырған 38-ге жуық жеке үй бар болатын, қазір одан 29-ы қалды. Таңертеңнен кешке дейін жұмыстар үздіксіз атқарылады. Бұл бағытта 400-ге жуық адам жұмылдырылған. Тұрғындардан батареяның салқындығына байланысты көптеген сұрақтар келіп түсіп жатыр. Ондай мәселе соңғы учаскелерде бар. Қазір жылумен жабдықтау жүйесіндегі қысымды теңестіру бойынша бес топ жұмыс істеп жатыр".Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекин

Қала әкімінің айтуынша, жергілікті жылу желісімен жұмыс істеп жатқан қызметкерлерге көмекке Павлодардан мамандар келіп қосылды.

"Олар алдағы бірнеше күнде, мүмкін бір апта бойына жылу желісі бойындағы қысымды теңестіру жұмыстарымен айналысады. Магистральдық желілердегі көрсеткіштер дұрыс, бірақ кварталішілік және үйішілік желілерде қысымға қатысты мәселе бар", - деді Бейсекин.

Айта кетсек, 28 қарашада Екібастұзда төтенше жағдай режимі жарияланды. Сол кездегі қала билігінің мәліметінше, 17 көпқабатты тұрғын үй, бес әлеуметтік және 21 заңды тұлға нысандары сағат 01:30-дағы жағдай бойынша жылусыз қалды.

8 желтоқсанда Екібастұзда ТЖ режимі күшін жойды.