Елде адам саудасына қатысты қылмыс саны бір жылда екі есе артқан

0
340

ҚР СІМ-нің мәліметіне сүйенсек, Қазақстан екінші санаттағы елдердің (Tier 2) «бақылау тізімінен» адам саудасы туралы жаһандық Баяндамаға қосылған.


Елде адам саудасына қатысты қылмыс саны бір жылда екі есе артқан

ERNUR.KZ. 2021 жылдың қаңтары мен мамыры аралығында адам саудасына қатысты 63 қылмыс тіркелді, деп жазады inbusiness.kz.

«Қылмыстардың көбі жезөкшелік немесе жеңгетайлыққа қатысты ашылған притондармен байланысты. Бір жыл бұрын дәл сондай 20 қылмыс тіркелсе, биыл 35 жағдай анықталған. Яғни бір жылда 75 пайызға көбейген. Сондай-ақ, жасөспірімдерді сатудың 8 жағдайы, жасөспірімдерді жезөкшелікке тартудың 7 оқиғасы, адам саудасы мен жезөкшелікке тартудың 6 жағдайы, еңбегін пайдаланумен бас бостандығын шектеудің 1 жағдайы тіркелді», – делінген зерттеуде.

Осы жылдың алғашқы бес айында жасөспірімдерді саудалауға қатысты 25 адам, жезөкшелік немесе жеңгетайлыққа қатысты притон ұйымдастырғаны үшін 6 адам, адам саудасына қатысты 4 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Олардың көбі Қазақстан азаматтары.

Сонымен қатар осы істерге қатысты ТМД-ның екі азаматы «жаспірімдер саудасы» қылмысына қатысты жауапқа тартылған. Адам саудасына қатысты қылмыстарға кінәлі адамдардың көбі жұмыссыздар. Көбі орта немесе арнайы орта білімі бар кісілер.

БҰҰ есірткі және қылмыстар жөніндегі басқармасының мәліметтеріне сүйенсек, Орталық Азия мен Шығыс Еуропа елдерінде адам саудасына қатысты зардап шеккендердің 66 пайызы мәжбүрлі еңбекке тартылса, 23 пайызы сексуалды эксплуатацияға түскендер. Орталық Азия елдерінде зардап шеккендердің көбі әйелдер (55 пайыз). Ал ерлердің үлесі 32 пайызды құрайды. Тағы 8 пайызы ұлдар болса, 5 пайызы жасөспірім қыздар.

ҚР СІМ-нің мәліметіне сүйенсек, Қазақстан екінші санаттағы елдердің (Tier 2) «бақылау тізімінен» адам саудасы туралы жаһандық Баяндамаға қосылған. Министрлік осыған байланысты бұл салада адам құқығын қорғаудың көрсеткіші жақсарғанын хабарлайды.