Елде екі айға жететін қант қоры бар

0
1 497

Вице-министр қант тапшылығына қатысты түсініктеме берді


 Елде екі айға жететін қант қоры бар

ERNUR.KZ. Елде екі айға жететін қант қоры бар. Бұл жөнінде ҚР Үкіметінің баспасөз қызметінде өткен брифингте ҚР Ауыл шаруашылығының бірінші вице-министрі Арман Евниев мәлімдеді, деп жазады Baq.kz.

«Расында да өткен аптада бұқаралық ақпарат құралдарында қант тапшылығы туралы мәселе көтерілген болатын. Еліміздегі сусын шығаратын компаниялар өз көзқарастарын білдірді. Шыны керек, бұл жердегі тұтынушылар – өз технологиялық процестерінде қантты қолданатын кәсіпкерлер. Біз жалпы ішкі нарықтағы бұл жағдайға зерттеу жүрігздік. Халық үшін қант тапшылығы бойынша ешқандай қауіп жоқ. Екі ай қажеттілігі бойынша қант жеткілікті», - деді министрлік өкілі.

Вице-министр қант тапшылығы мәселесінің көтерілуіне не себепші болғанын да түсінідіріп өтті.

«Үкіметпен қабылданған қаулыға сәйкес, тамыз айынан бастап сырттан әкелінетін қанттың баж салығы 340 АҚШ доллары көлемінде есептелетін болды. Бұған дейін ол 0 теңге болып келді. Бұл жерде қантты технологиялық процесте қолданатын кәсіпкерлердің шығындары көбейіп отыр. Сондықтан, бұл мәселеде үш шара қабылданатын болады. Алдымен, ЕУРАЗЭҚ мемлекеттерінде бір нарық болғандықтан, осы аптаның аяғына дейін Қазақстанға қажетті қант көлемін қамтамасыз ету бойынша келісімшарттар жасалатын болады. Екіншіден, Үкімет қаулысы қабылданған сәтте шекарадан өткен, алайда «растаможка» жасалмаған қант көлемі бар. Оның көлемі шамамен 10 мың тонна. Осы қант көлемін бұрынғы шарттарға сай кедергісіз бекеттен өткізуге рұқсат берілді», - деді Евниев.

Ол әлеуметтік кәсіпкерлік корпорацияларының тұрақтандыру қорларындағы қант пен қаражатты осы мақсатқа тарту қант тапшылығын шешу бойынша қабылданатын үшінші шара екенін айтты.