Елдегі кен орындарының қоры таусылуға жақын

0
1 042

Пайдалы қазбалардың көптеген түрлерінің расталған қоры бойынша республика әлемнің жетекші елдерінің алғашқы ондығына кіреді.


Елдегі кен орындарының қоры таусылуға жақын

ERNUR.KZ. Бұл туралы бүгін өткен Үкімет отырысында Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев мәлімдеді, деп жазады baq.kz.

Пайдалы қазбалардың мемлекеттік теңгерімінде 8 мыңнан астам кен орны ескеріліп, оның ішінде: мұнай-газ – 317 (мұнай, газ, конденсат), қатты пайдалы қазбалар – 910, кең таралған пайдалы қазбалар ҚТПҚ – 3,0 мыңнан астам және 4 мыңға жуық жер асты суларының кен орындары бар. Қазақстан Республикасындағы мұнайдың баланстық қоры 4,4 млрд тоннаны, газ – 3,8 трлн. текше метр, конденсат – 420,5 млн. тонна құрайды. Қордың басым бөлігі Атырау (75%) және Маңғыстау (11%) облыстарында шоғырланған. Бұл ретте, көмірсутек шикізаты қорының 70%-ға жуығы 3 ірі кен орындарының – Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ үлесіне тиесілі. Пайдалы қазбалардың көптеген түрлерінің расталған қоры бойынша республика әлемнің жетекші елдерінің алғашқы ондығына кіреді. Атап айтқанда, хром бойынша – 1-орын, вольфрам бойынша – 2-орын, мырыш, қорғасын бойынша – тиісінше 3 және 4 орын, мыс бойынша – 6 орын, - деп атап өтті ведомство басшысы.

Сондай-ақ ол геология саласын алда қандай проблемалар күтіп тұрғанына тоқталды. Соның бірі - елдегі кен орындарының қоры таусылуға жақын деп отыр.

Бұл ретте, пайдалы қазбаларды қарқынды өндіруге байланысты геология саласының алдында тұрған басты сын-қатері - қорлардың толықтыру деңгейінің төмендігі. Өндірудің қазіргі деңгейін алатын болсақ, тиісті толықтырусыз көптеген игерілетін кен орындарының қорлары таяу болашақта таусылатын болады, - деді министр.