Электронды темекі балалардың ермегіне айналды

0
1 111

Өрімдей ұл-қыздар не себепті бұл бәлекетке әуес болды, мамандар не дейді?


Электронды темекі балалардың ермегіне айналды

Иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Электронды темекі кәмелет жасқа толмағандардың ермегіне айналды. Білім ордаларының оқушылары кез келген дүкеннен оңай алып жүр. Осылай деп наразылық танытқан елордалық ата-ана бұған тұсау болар талаптың күшейтілгенін сұрауда, деп хабарлайды ERNUR.KZ Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.

7-сыныпта оқитын жеткіншек электронды темекінің дәмін ең алғаш достарымен жүргенде татып көріпті. Хош иіс пен никотин бірден өзіне баурап алса керек. Қазірдің өзінде өзі құралпы балалармен бірігіп ақша шығарып, білім ордасының жанындағы дүкеннен сатып алып жүр екен. Жасына қарамастан "саған болмайды, сатпаймыз" деген бір ауыз сөз естімепті.
Бұл электронды темекі "вейп" деп аталады. Ол денсаулыққа қатты бір зиян келтіреді деп айта алмаймын. Әрине, никотинді сұйықтықты көп қоспау қажет. Алғашында 45 мг қосатынмын. Кейде 25 мг-ға дейін түсіремін. Көбіне 35-45 мг-ға дейін көтеремін, - дейді жасөспірім.
Бір қызы жеткіншектің мұндай дүниені тұтынатынын ата-анасы да біледі екен. Анда-санда тартып тұруға рұқсат берді дейді.
Ал, елордалық Жанар Шаймерденова бұл жағдайды бей-жай қалдыруға болмайды дейді. Үш баланың анасы ұлдарының болашағы үшін алаңдауда. Қаладағы оншақты сауда орнын аралап, екі жерден сатушыладың клиенттердің жасын сұрамай саудалап жатқанын анықтаған.
- Мен кәмелет жасқа толмаған балалардың ата-аналары мен үкіметтегілер зер салса деп ойладым. Өйткені, бұл мәселеге бей-жәй қарауға болмайды. Заңға бағынбағандарын жауапкершілікке тарту қажет, - дейді қала тұрғыны Жанар Шаймерденова.
Ал, нарколог мамандар электронды темекіні балалардың тұтынуына қарсы пікірде. Оның құрамында никотин, глицерин, пропиленгликоль мен хош иіс шығаратын ароматизатор жүрек қан тамырлар жүйесіне әсер етіп, өкпеге зақым келтіруі мүмкін дейді.
- Мен балалардың вейпті тұтынуына түбегейлі қарсымын. Тіпті, тек глицирин болғанның өзінде тәуелділікке итермелейді. Ал, құрамында никотині болса онда ол кәдімгі темекіден ешқандай айырмасы болмайды, - дейді нарколог Алексей Любушкин.
Құзырлы орган өкілдері соңғы жеті айдың ішінде 506 жағдайдың тіркелгенін хабарлады. Ал қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының статистикасы бойынша 2014 пен 2018 жылдары электронды темекіні тұтынатын 13 пен 15 жас аралығындағы жасөспірімдердің саны үш есеге дейін көбейген. Ал, 2019 жыл бастап 15 пен 18 жастағы кәмелет жасына толмағандардың 13 пайызы вейпті пайдаланады екен. Жаман әдетті бойына жылдам сіңіретін балалар болашақта темекі шегушілердің қатарын көбейтпес үшін, алдын алу қажет дейді ұрпағының келешеніге алаңдаған ата-аналар.