Елена Рыбакина «Достық» орденімен марапатталды

0
400

Өз кезегінде Елена Рыбакина жоғары марапат үшін алғысын білдіріп, қазақстандықтардың қолдауын сезініп жүретінін айтты.


Елена Рыбакина «Достық» орденімен марапатталды

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Уимблдон турнирінде тарихи жеңіске жеткен қазақстандық теннисші Елена Рыбакинаға II дәрежелі «Достық» орденін табыстады, деп хабарлайды ERNUR.KZ Үкіметтің ресми сайтына сілтеме жасап.

«Барлық қазақстандықтар Сіздің әлемнің ең атақты теннисшілерімен сайыстарыңызды бақылап отырды. «Үлкен дулыға» турнирінде жеңіске жетіп, Сіз отандастарымыздың үмітін ақтадыңыз, сондай-ақ Қазақстанда теннисті дәріптеуге баға жетпес үлес қостыңыз. Сіздің жеңісіңіз жас спортшыларды ынталандыра түседі деп сенемін», - деді Әлихан Смайылов.

Өз кезегінде Елена Рыбакина жоғары марапат үшін алғысын білдіріп, қазақстандықтардың қолдауын сезініп жүретінін айтты.

«Әрине, мен отандастарымыздың қолдауын ұдайы сезінемін. Бұл мен үшін үлкен қуаныш пен жауапкершілік. Кеше Қазақстанға ұшып келгенде мені қарсы алған адамдардың көп болғанын көрдім. Бұл жағдайдың менің басымнан өтіп жатқанына әлі де сене алар емеспін», - деді ол.

Қазақстандық теннисші жүлде қаражатының бір бөлігін елімізде қайырымдылыққа және юниорларды қолдауға жұмсайтынын айтты.

«Менің ойымша, турнир ұйымдастырған немесе жас ойыншыларға грант тағайындаған дұрыс болады. Себебі, мен мұнда зор қолдауға ие болдым. Енді жас буынның дамуына менің көмектесетін кезегім», - деді Елена Рыбакина.

Сондай-ақ, спортшы қаражаттың бір бөлігін жануарларға көмектесуге жұмсауды жоспарлап отыр.

«Бірнеше күннен кейін АҚШ-та өтетін турнирлерге дайындала бастаймын. Биылғы мақсат – әлемдік рейтингтің ТОП-10 қатарына кіру. Басты мақсат – бірінші болу. Мен бұған ұмтыламын және бар күш-жігерімді саламын», - деді Уимблдон-2022 жеңімпазы.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Мемлекет басшысының Жарлығымен спорттағы аса үздік жетістіктері және халықаралық ынтымақтастықты дамытуға қосқан үлесі үшін Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің «Спортты дамыту дирекциясы» РМҚК спортшы-нұсқаушысы Елена Андреевна Рыбакина ІІ дәрежелі «Достық» орденімен марапатталды .

Қазақстанның бірінші, әлемнің 23-ракеткасы Елена Рыбакина алғаш рет Уимблдон турнирінің чемпионы атанған болатын.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Елена Рыбакинаны тарихи жеңісімен құттықтап, халықаралық аренада еліміздің абыройын асқақтатқаны үшін алғыс айтты.