Еліміз Әзербайжанға астық экспортын ұлғайтты

0
860

Биыл Азербайжан елі Қазақстаннан 58,5 миллион долларға бидай сатып алды.


Еліміз Әзербайжанға астық экспортын ұлғайтты

ERNUR.KZ. Қазақстан Әзербайжанға астық экспортын ұлғайтты. Соңғы 9 айдың қорытындысы бойынша Әзербайжан елі импорттаған барлық бидай өнімдерінің төрттен бір бөлігі қазақстанның үлесінде. Енді қос ел өзара тауар айналымын бұдан да арттыра түспек, деп жазады baq.kz.

Өткен жылы Қазақстан мен Азербайжан арасындағы тауар айналымы 55 процентке өссе, биыл 9 ай ішінде өзара сауда-саттық көлемі 183 миллион доллар шамасында. Оның ішінде қазақстандық экспорт 22% артқан. Оның төрттен бірін бидай өнімдері құрайды.

"Қазақстан Азербайжанның ауылшаруашылығы саласындағы негізгі серіктестерінің бірі. Екі ел арасындағы сауда қатынасының негізгі бөлігін бидай өнімдері құрайды. Атап айтқанда, 2019 жылдың алғашқы 9 айында Қазақстаннан Азербайжанға 265 мың тонна бидай импортталды. Бұл өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 30% көп. Мәселен, былтыр ел аумағына 204 мың тонна бидай жеткізілген еді", - деді ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілі Саадат Гаджиева

Биыл Азербайжан елі Қазақстаннан 58,5 миллион долларға бидай сатып алды. Бірақ өзара сауда айналымы тек ауыл шаруашылығы өнімдерімен ғана шектелмейді. Оның ішінде жеңіл өнеркәсіп тауарлары мен мұнай-газ жабдықтары да бар. Егер бұл үрдіс жалғаса берсе, екі елдің тауар айналымы одан әрі арта түседі дейді мамандар.

"Жақын арада біз Қазақстанмен жоғары технология саласында да ынтымақтастық орнатамыз деп сенемін. Егер осы бағытта қарқынды жұмыс істесек, екі ел арасындағы сауда айналымы 1 миллиард доллардан асып-жығылуы әбден мүмкін", - дейді экономист Эльшад Мамедов.

Тараптар енді кәсіпкерлер арасында азық-түлік өнеркәсібі, құрылыс пен туризм салаларында байланыс орнатуды да көздеп отыр. Осы мақсатта екі ел аумағында сауда үйлерін ашу жоспарланған.

Мамандардың пікірінше, Қазақстан да, Азербайжан да сауда қатынасын нығайтуға барынша күш салуы тиіс.