Елімізде 11 мың шақырым жол ақылы болады

0
858

Жыл сайынғы кіріс 60 млрд теңгені құрамақ.


Елімізде 11 мың шақырым жол ақылы болады

ERNUR.KZ. Қазақстанда жолдарды ақылы жүйеге көшіру бағытындағы жұмыстар қарқынды жүргізіліп келеді. Биыл инвесторлардың көмегімен жобаның негізгі бөлігі іске асырылмақ. Яғни 5,8 мың шақырым жолға төлем жүйесі енгізіледі, деп жазады inbusiness.kz.

2021-2024 жылдар аралығында тағы 5,2 мың шақырым жол осындай форматқа көшірілмек. Осылайша 2025 жылға қарай Қазақстандағы ақылы жолдардың ұзындығы 11 мың шақырымды құрамақ.


«2021 жылы ақылы жолдардан 25,6 млрд теңге көлемінде қаржы жиналады деп болжануда. Ал 11 мың шақырым жол толық ақылы болғанда, автожолдар жылына 60-72 млрд теңге табыс әкелмек. Бұл сома қазіргі ақылы учаскелердегі тарифтерді ескеріп есептелген», – деп хабарлады «QazAvtoJol» ҰК» АҚ баспасөз қызметі.


Жиналған қаржы учаскелердегі ағымдық жөндеу жұмыстарға, жолдарды күтуге, төлем өндіру жүйесіне қызмет көрсету мен инвесторға төлем жасауға жұмсалады. Демек ақылы жолдар өз шығынын өзі өтейді. Сөйтіп болашақта мемлекет бюджетінен қаржыландыруды қажет етпейді.

Айта кетейік, жыл басынан бері «Нұр-Сұлтан-Шортаңды», «Нұр-Сұлтан-Теміртау», «Алматы-Қорғас», «Алматы-Қапшағай» ақылы автожолдарынан 4 млрд теңге жиналған.