Елімізде 12 мыңға жуық адам қытайлық компанияға ақша құйып, алданып қалған

0
567

Алданған азаматтар енді ақшаларының қайтарылуын талап етеді.


Елімізде 12 мыңға жуық адам қытайлық компанияға ақша құйып, алданып қалған

ERNUR.KZ. Елімізде "Чиа тай" онлайн қосымшасына 12 мыңға жуық адам ақша салып, алданып қалған. Сөздерінше, оларды шетелдік компания өкілдері түрлі бағадағы дәрілік препараттар пакетіне инвестиция жасау арқылы күнделікті табыс табуға болады деп қызықтырыпты. Бұған сенген азаматтар несие алып, үйін, көлігін сатып, бар-тапқанын салып берген деп жазады Stan.kz.

Алданған азаматтар “Чиа тай” компаниясының қаржы пирамидасы екенін білмеген. Сондықтан еш күмәнсіз 20 мың теңгеден бастап миллиондарға дейін инвестиция құйыпты. Айтуларынша, 2022 жылы құрылған компанияға 2023 жылдың наурызы және сәуір айында алданғандар көп екен.

“Астана қаласында осы компанияның бірінші зауытын саламыз, инвестицияны жасайтын Қытай халқы, ЭКСПО-мен келісімге отырдық. 1 айға жалға алдық деп сендірді. Барлық құжаттары болды. Мен өзім 15 миллион теңге салдым. Жабылуға бір апта қалған кезде акция шығарды. 10 миллионның пакетін алсаңыздар, 20 күнде 4 миллион 390 мың теңге комиссия үстіне аласыздар деген”, – дейді Алматы облысының тұрғыны Эльвира Құрманғазықызы.

Еліміздің түкпір-түкпірінен ақша құйғандар платформа жабылғаннан кейін қосымшаның бұғатталғанын айтады. Бірақ көзге көрініп тұрған қаражатты шешіп алып, қолына ұстағандары аз екен. Алданып қалғандар енді әділдікті талап етеді.

20 мыңмен кірген адамдарды чатқа қосқан жоқ. Ол үшін бұл сома ақша деп саналған жоқ. Арамызда үйі мен көлігін сатып, 38 миллион салған адамдар бар”, – деп қосты Алматы облысының тұрғыны Мадина Темірғалиева.

Ал Алматы қаласындағы экономикалық тергеу департаментінің мамандары 200-ден астам тұрғыннан арыз түскенін айтады. Қазір 17 қылмыстық іс тергеліп, 7 миллиард теңгеден астам қаражат тартылғанын екен. Ал көпшілікті тақырға отырғызған қаржы пирамидасының ұйымдастырушысы шетел азаматы дейді.

“Чиа тай тяньзинь Қазақстанда заңды тұлға ретінде тіркелмеген. Болжам бойынша қаржы пирамидасының ұйымдастырушысы ҚР аумағынан шығып кеткен Қытай азаматы. Алматы қаласының аумағында компанияның заңсыз әрекетін насихаттаумен айналысады. Олардың жеке басы анықталды. Қаржы пирамидасының үш жетекшісінің екеуі уақытша ұстау изоляторына қамалды”, – деп мәлімдеді Қаржылық мониторинг агенттігі Тергеу департаменті тергеу басқармасы басшысының орынбасары. Қалдыбай Нұрсұлтан.

Алданған азаматтар енді ақшаларының қайтарылуын талап етеді. Қазіргі уақытта тергеу жұмыстары жүріп жатыр. Ал мамандар халыққа оңай олжаға кенелемін деп қолындағы қаражатты күмәнді қосымшалар мен компанияларға салмауға кеңес береді. Өйткені сендіру мақсатында көрсеткен құжаттары жалған болып шығуы әбден мүмкін дейді.