​Елімізде «7-20-25» бағдарламасының алғашқы жарна салымы төмендейді

0
1 212

«Баспана» ипотекалық ұйымы жас отбасылар мен бюджеттік сала қызметкерлеріне қаржылық жүктемені азайту мақсатында алғашқы жарна көлемін екі есеге дейін азайтпақ.


​Елімізде «7-20-25» бағдарламасының алғашқы жарна салымы төмендейді

ERNUR.KZ. «Баспана» ипотекалық ұйымы жас отбасылар мен бюджеттік сала қызметкерлеріне қаржылық жүктемені азайту мақсатында алғашқы жарна көлемін екі есеге дейін азайтпақ, деп жазады 24.kz.

«Жас арман» және «Қамқор баспана» өнімдері «Баспана» және жергілікті атқарушы органдар арасындағы ынтымақтастыққа негізделіп, аталмыш санаттағы азаматтарға «7-20-25» ипотекасының алғашқы жарнасын екі есеге азайтуды қарастырады. Жергілікті атқарушы органдар облигациялар шығарады және халықтың аталған санаты үшін бастапқы жарнаның жартысын субсидиялауға міндеттенеді. Өз кезегінде Баспана әкімдіктер облигацияларын сатып алып, «7-20-25» бағдарламасына қатысатын банктермен халықтың осы категориясын несиелендіруді қамтамасыз етеді.

«Біз «7-20-25» бағдарламасына жас отбасылар мен бюджеттік сала қызметкерлерінің қатысуына орасан зор мән береміз. Олар тарапынан алғашқы жарнаны жинаудың қиындығы жөнінде көптеген пікірлер келіп түсті. Сол себепті, қолдау мүмкіндіктерін барынша қарастырдық. Мұндай әлеуметтік шешімдерді іске асыру үшін әкімдіктер тарапынан қолдау күтеміз», - деді «Баспана» ипотекалық ұйымының басқарма төрағасы Қайрат Алтынбеков.

Бұдан бұрын бұл өнімдер бірінші болып Шымкент қаласында жұмыс істей бастады.