Елімізде ана өлімі 58 пайызға төмендеді

0
349

Медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін жақсарту мақсатында дәрігерлердің жалақысы 20 пайызға артты.


Елімізде ана өлімі 58 пайызға төмендеді

ERNUR.KZ. Елімізде ана өлімі 58 пайызға төмендеді. ҚР Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Жандос Бүркітбаев айтты, деп жазады ҚазАқпарат.

«Қазіргі уақытта денсаулық сақтау жүйесі жұмысында оң динамика байқалады. Жалпы өлім-жітім – 11, ана өлімі – 58, қан айналымы жүйесі және тыныс алу органдары ауруларынан өлім-жітім – 17, өкпе ауруынан - 12, қатерлі аурулардан 8 пайызға төмендеді. Медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін жақсарту мақсатында дәрігерлердің жалақысы 20 пайызға артты. 2021 жылы өңірлерде 3 034 жас маман жұмысқа орналасты. Бұл жалпы түлектердің 96 пайызын құрайды. Бұл ретте ауылдарға 606 түлек жұмысқа орналасты. 2019-2022 жылдары аралығында медициналық-санитариялық алғашқы көмектің теңдей қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін 304 МСАК нысаны пайдалуға берілді. МСАК-ты қаржыландыру денсаулық сақтау жүйесін қаржыландырудың жалпы көлемінің 54 пайызына дейін жеткізілді», - деді бірінші вице-министр Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.

Оның атап өтуінше, биыл 80 МСАК нысанын салу көзделген. Қазіргі уақытта оның 6-уы пайдалануға берілді. Осы жылдың соңына дейін ауыл тұрғындары мен балалар үшін профилактиканың жаңа әдістері енгізіліп, консультациялық-диагностикалық қызметтер кеңейтілді.

«Аудандық ауруханалардың материалдық-техникалық базасы жақсарады. Қымбат тұратын медициналық жабдықтармен жабдықталып жатыр. 21 компьютерлік томография, 91 рентген аппараты, ана мен баланы қорғауға арналған 1 мыңнан астам жабдық жеткізілді. Шалғайда орналасқан елді мекендерде жылжымалы медициналық кешендер мен медициналық пойыздар кеңінен қолданылады», - деді Жандос Бүркітбаев.