Елімізде азаматтық қызметкерлердің жалақысы артады

0
1 496

Бюджет саласының ақысы төмен қызметкерлерінің жалақысы арттырылды.


Елімізде азаматтық қызметкерлердің жалақысы артады

ERNUR.KZ. 2019 жылғы 1 маусымнан бастап азаматтық қызметкерлердің жалақысын арттыруға 144 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді, деп хабарлайды ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі.

Тұңғыш Президент – Елбасының және Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес, ағымдағы жылғы 1 маусымнан бастап бюджет саласының ақысы төмен қызметкерлерінің жалақысы арттырылды.

«Жалақы 1-ден 8-ге дейінгі разрядтағы қызметкерлерге, қосалқы (техникалық), әкімшілік және негізгі персоналдар қызметкерлеріне, сондай-ақ басқарушы персоналдың кейбір қызметкерлеріне қатысты болды. Аталған қызметкерлердің жалақысы жұмыс өтіліне байланысты сараланған түрде арттырылады», - делінген хабарламада.

Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 2019 жылға 144,3 млрд.теңге көзделген екен.

«Жоғары білімді және 1 маусымға дейін 2 жыл жұмыс өтілі бар жоғары санатты әлеуметтік қызметкердің жалақысы 81 830 теңгені құрады. 2019 жылғы 1 маусымнан бастап - 98 961 теңге. Осылайша, жалақының өсімі 17 130 теңгені немесе 21% құрады», - деп жазды баспасөз қызметі.

Сонымен қатар, 5 жыл жұмыс өтілі бар санаты жоқ арнайы орта білімі бар тәрбиешінің жалақысын ұлғайтуды қарастырмақ.

«Егер 1 маусымға дейін ол 58 984 теңгені құраса, 2019 жылғы 1 маусымнан бастап 76 114 теңгені құрайды, бұл жерде жалақы өсімі – 17 130 теңгені немесе 29% құрайды», - деп жазылған хабарламада.

Жалақыны арттыру мәселесі денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қорғау, мәдениет, спорт, ауыл шаруашылығы және басқа салаларда жұмыс істейтін 1,1 миллион азаматтық қызметшілерге қатысты екенін айта кеткен жөн.