Елімізде ет бағасы көтерілді

0
938

1 кг жылқы еті Шымкентте 2000 тг, Нұр-Сұлтан мен Атырауда 2300 теңгеден сатылып жатыр.


Елімізде ет бағасы көтерілді

ERNUR.KZ. Бөлшек саудада ет қымбат. Әсіресе желтоқсан мен сәуір айларында баға шарықтайын деп тұр, деп хабарлайды Хабар24.

Мамандар болжамынша, мұндай жағдай алдағы бес жылда да қайталана береді. Себебі бағаны тұрақтандыру амалы жасалып жатқан жоқ.

Еліміздегі фермерлер назарсыз қалып отыр. Салдарынан жүргізіп отырған шаруашылықтары пайдадан гөрі шығынға кенелтуде. Енді мамандар ішкі нарықты сапалы өніммен қамту үшін импорттан бас тарту керек дейді.

Соғым маусымы басталғалы елде ет қымбаттады. Базардан өнімді шамамен 2700 теңгеге сатып аласыз. Ал фермерлер сиыр етін 1600 теңгеден шығарамыз дейді. Айырмашылық – 1000 теңге. Әдеттегідей делдалдардың қалтасы қампайып жатыр. «Қазақстан ет одағының» төрағасы Мақсұт Бақтыбаевтың айтуынша, толайым бағаның төмендеуіне Қытайға экспорттың тоқтауы себеп. Демек үлкен нарықтан қағылып отырмыз.

Ал фермерлер түлігін қайда сатарын білмей дал. «Жығылғанға жұдырық» болар, биыл жем-шөп те 25%-ке қымбаттап кетті. Қазір шаруаларымыз дайын етті Өзбекстанға шығарып отыр. Бірақ біз өзге экспорттаушылармен бәсекелес емеспіз. Еліміздің аумағы үлкен болғандықтан, көрші елге етті қатырып қана жеткізе аламыз. Бұл өз кезегінде сапаға әсерін тигізеді. Одақ төрағасы тірі малды сату 25%-ке қымбатырақ болатынын айтады. Енді ол нарықтағы ахуалды реттеу үшін шаруаларға берілетін тиімді несие көлемін арттыруды, кепілдікпен қолдауды сұрайды. Сонда ғана фермерлер санып көбейтіп, мал басын арттыруға болады. Жыл сайын 15-20 мың тонна сиыр еті сырттан тасымалданады. Бұл жердегі басты кедергі: импорттаушы елдерге кедендік салық квотасын алып тастау қажет. Қазір отандық өндірушілер салық төлейді, ал шетелдік өнімге пұл салынбайды. Осылайша елде мал өсіру тиімсіз. Өйткені шаруалар қолдаудан кенде. Төрт түлік түгел болмағасын, халықты етпен жарылқау оңай болмай тұр.

Қазір жылқы өсірушілерге аздап субсидия төленеді. Шұрайлы өнімге сұраныс та жоқ емес.

Еліміздегі жылқы етінің орташа құны қандай?

1 кг жылқы еті Шымкентте 2000 тг-ге сатылып жатыр. Петропавлда 100 тг-ге қымбат, Қызылорда мен Қарағандыда 2200 тг болса, Нұр-Сұлтанда 2300 тг-ден сатылады. Ал Атырауда өнімді 2300 тг-ге аласыз.