Елімізде көпбалалы аналарға жаңа мәртебе беріледі

0
585

Мүгедектігі бар азаматтардың күтушілеріне де арнайы мәртебе қарастырылған.


Елімізде көпбалалы аналарға жаңа мәртебе беріледі

ERNUR.KZ. Қазақстанда "Марапатталған аналар" жаңа мәртебесі енгізіледі. Оған алты және одан да көп бала туып өсірген аналар ие болады. Сонымен қатар, мүгедектігі бар азаматтарға қарап отырған күтушілердің жұмыс уақыты еңбек өтілі ретінде саналатын болды. "Талбесік" көпбалалы аналар одағы" қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Ләззат Қожахметова Әлеуметтік кодекске енген өзгерістер туралы айтып берді, деп жазады inbusiness.kz.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі "Марапатталған ана" мәртебесі кімдерге берілетінін айтты. "Алтын алқа" алқасымен марапатталғандарға немесе бұрын "Батыр ана" атағын алғандарға, I және II дәрежелі "Ана даңқы" ордендері тапсырылғандарға берілетін жәрдемақы мөлшері енді 6,4 АЕК-тен 7,4 АЕК мөлшеріне дейін өседі. Сондай-ақ "Алтын алқа" және "Күміс алқа" алқаларының иелеріне "Марапатталған аналар" жаңа мәртебесі берілетін болды.

"Біздің елде "Алтын алқа" мен "Күміс алқаны" бала туғаннан кейін бермейді, бала бір жасқа келгенде береді. Мәселен, қазір перзентхадан шықпай жатып, автоматты түрде бала туғанға жәрдемақы беріле бастайды. Ал "Алтын алқа" мен "Күміс алқаны" тағайындауда ана қағазбастылыққа ұрынады. Құжатты жинап, өткізгенше бала 1 жастан асып кетеді. Қазіргі таңда алқалы аналар 20 300 теңгеден алып отыр. Тағы бір мәселе жәрдемақы алу үшін ана "сотталмаған" деген қағазды өткізуге тиіс. Баланы дүниеге әкелу оңай емес, ол үшін ана құрметке бөленуі керек қой. Тіпті, сотталған болатын болса да, оған бұл мәртебе бала туғаны үшін берілуі қажет деп санаймын. Сосын "Алтын алқа", "Күміс алқаны" берер кезде әкімдікке шақырып, бір кабинетте бере салмай, ерекше сый көрсетсе екен деген тілек бар. Енді "Марапатталған ана" деген мәртебе тағайындалса, жәрдемақы 23 500 теңгеге дейін өседі. Негізі "көпбалалы ана" деген статус - бізде уақытша берілетін мәртебе. Қазір көпбалалы аналар 50 000 теңге көлемінде жәрдемақы алып отыр, алайда үлкен баласы 18 жасқа келгенде, жәрдемақы беру тоқтатылады. Тек "Алтын алқа", "Күміс алқа" алған аналарға ғана жәрдемақы өмірлік төленеді. Сол себепті, өмір бойы төленетін жәрдемақысы бар "Марапатталған ана" статусы да елдің алдында, салтанатпен, құрметпен берілуге тиіс деп санаймын", - дейді Ләззат Қожахметова.

2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап, бала күтімі бойынша төлем мерзімі 1 жылдан 1,5 жылға дейін ұлғайтылатын болды. Бұл өзгеріс жұмыс істемейтін ата-аналарды да қамтиды. Қаңтардан бастап, елімізде 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларға арналған кепілдік берілген әлеуметтік пакетті монетизациялау да енгізіледі. Бұл шара атаулы әлеуметтік көмек алатын 212 мыңдай балаға қатысты болмақ.

"Кепілдендірілген әлеуметтік пакет монетизациясы 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларға азық-түлік түрінде берілді және оған көпбалалы, жалғызбасты аналардың арасында наразылықтар болды. Себебі әлеуметтік пакет аясында бала жей бермейтін жарма, күріш сияқты тағамдар болды. Таңдау болмады. Енді келесі жылдан бастап әркім өз баласына ет алып бере ме, көкөніс алып бере ме, таңдау болады. Яғни, көмек ақшалай беріледі", - дейді қоғамдық бірлестік жетекшісі.

Мемлекеттік қолдаудың бұл түрлері Әлеуметтік кодекс жобасы аясында іске аспақ. Бұл құжатты жазуға қатысқан Ләззат Қожахметова мүгедектер күтушілеріне қатысты жаңалықтарды да айтты.

"Бұрын мүмкіндігі шектеулі жандар санаторийға бір-ақ жерге жіберілетін. Енді аleumet.egov.kz деген сайт ашылды. Онда мүгедек адам санаторийді өзі таңдайды. Яғни, сайттан санаторийлерде жүргізілетін ем-дом шараларымен танысып, өзі санаторийді таңдап алады. Он төрт күндік емнің ақшасын мемлекет төлейді. Одан кейін екінші жеңілдік: орындық, протезді де әртүрлі фирмалардан өздеріне таңдап алатын болды. Бірінші топ мүгедектеріне қатысты өзгерістерді айтатын болсам, олардың көмекшілері қызметі үшін сағатына 358 теңге алатын. Бір күнде сегіз сағат қасына еріп жүретін болса, бір айда 89 000 теңге алу керек еді. Алайда, мүгедектердің үйден күнде далаға шықпайтындығы белгілі. Олар емханаға қаралар кезде ғана шығады. Яғни, күтушілер іс жүзінде айына 20-30 мың теңге ғана ақша алатын. Тәулік бойы үздіксіз күтуші болып отырған соң, ондай азаматтардың психикасы да шаршайды. Зейнетке шыққанда ең төменгі зейнетақы алады. Сондай наразылықтарын ескеріп, Үкімет Әлеуметтік кодекске өзгерістер енгізді. Біріншіден, ондай күтушілердің қарап отырған уақытын енді еңбек өтілі ретінде санайды. Барлық әлеуметтік жарналар жүреді. Екіншіден, күтушілерге "жеке көмекші" деген мәртебе берілетін болды", - деді Ләззат ханым.

Осы өзгерістерден кейін, Әлеуметтік кодекс азаматтардың өмір бойы оларға кепілдік берілген әлеуметтік құқықтары туралы ақпараттың бірыңғай көзіне айналады деп күтілуде.