Елімізде ойын терминалдары мен лотерея билеттеріне тыйым салынуы мүмкін

0
448

Құмар ойынға әуестердің казино мен букмекерлік компанияларға жұмсайтын қаражат көлемі жаға ұстатады.


Елімізде ойын терминалдары мен лотерея билеттеріне тыйым салынуы мүмкін

ERNUR.KZ. Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан осындай ұсыныс жасады, деп жазады ulysmedia.kz.

«Казиноларды қақсап жүріп Қапшағайға, шулап жүріп Щучинскіге көшіргенмен, мәселе өз шешімін толық таппады. Өрімдей жастарды түрлі онлайн интернет-казинолар мен терминалдарға телміртіп қойды. Нәтижесінде, құмар ойынға шатылғандар адам айтса сенгісіз ауыр қылмыстарға барып, қатігездік белең алып барады», - деді депутат премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгіновке жолдаған сауалында.

Оның айтуынша, құмар ойынға әуестердің казино мен букмекерлік компанияларға жұмсайтын қаражат көлемі жаға ұстатады.

«Өткен жылы құмар ойындарды ұйымдастыру және бәс тігу бойынша қызметтер көлемі 553,6 млрд теңгені құраған. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 52 млрд теңгеге, ал 2020 жылмен салыстырғанда 6,2 есеге (89,7 млрд теңге) артқан. Құмар ойындарды ұйымдастыру және бәс тігу – қызмет көрсету көлемі бойынша жылжымайтын мүлікті рәсімдеуден, (2,6 есе), сәулет, инженерлік ізденістер, техникалық сынақтар және талдау саласындағы қызметтен (1,7 есе), компьютерлік бағдарламалау мен консультациялық қызметтерден (1,4 есе) кейінгі орында тұр», - дейді ол.

Халық қалаулысы сөзін қорытындылай келе аталған мәселені шешу бойынша келесі ұсыныстарды білдірді:

Бірінші, букмекерлік кеңселерге банкрот деп танылған тұлғалардан және қолданыстағы несие бойынша 3 айдан астам уақыттан бері төлем жасай алмаған тұлғалардан онлайн және офлайн бәс тігуді қабылдауға қатаң тыйым салу керек.

Екінші, қаржы пирамидаларын, онлайн-казиноларды және басқа да қауіпті құмар ойындарды жарнамалауға толық тыйым салу туралы қолданыстағы заңнамаға тиісті өзгерістер енгізу керек.

Үшінші, елде тыйым салынған, бірақ соған қарамастан интернетте кездесетін электрондық казинолардың жарнамалық қызметін бақылауды күшейту қажет.

Төртінші, супермаркеттер мен қоғамдық орындарда самсап тұрған «Lotomatic» секілді әртүрлі лотерея терминалдарын орнатуға және лотерея билеттерін таратуға қатаң тыйым салу керек.

Бесінші, жетекші теле-радио арналар мен интернет-порталдарда құмар ойынды насихаттайтын жарнаманың барлығына сыйым салу керек.