​Елімізде сұйытылған газ өндіретін зауыт салынуы мүмкін

0
1 237

Бастапқы құны 85 млн долларға тең жоба Алматы облысының Жаркент қаласында жүзеге асырылмақ.


​Елімізде сұйытылған газ өндіретін зауыт салынуы мүмкін

Бастапқы құны 85 млн долларға тең жоба Алматы облысының Жаркент қаласында жүзеге асырылмақ. Польшалық компания өкілдерінің айтуынша, бүгінде Қазақстанның инвестициялық тартымдылығы артып, мемлекеттік органдар тарапынан жан-жақты қолдау көрсетіліп жатыр. Бұл туралы Protecting and Business Investments жобалық кеңсесінің бір айлық жұмысын қорытындылау жиынында айтылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ 24.kz сайтына сілтеме жасап.

Урбан Рыбак, «LNG» жобасының бас менеджері:

– Қазақстанның инвестициялық саясаты ашық екеніне көз жеткізіп келеміз. Мемлекеттік мекемелер тарапынан да қолдаудың барын айтпасқа болмайды. Бұл екі жаққа да тиімді деп ойлаймын. Бұрын заңнамалар жағынан кедергілер болғанын жасырмаймыз. Ал бүгінде мәселелерді шешу жолдары кеңейе түсті.

Осы уақыт аралығында «Бизнес пен инвестицияларды сыбайлас жемқорлықтан қорғау» мекемесінің көмегіне 17 кәсіпкер жүгінген. Оның үшеуінің мәселесі жіті қаралып, әкімшілік кедергілері қысқа мерзім ішінде шешілген. Ал жуырда енгізілген онлайн жүйе арқылы әр инвестициялық жобаның орындалу барысын бақылауға болады. Осылайша 3 ай бұрын жобалық кеңсенің ашылуына ұйытқы болған Инвестициялар және даму, Сыртқы істер министрліктері мен Мемлекеттік қызмет істері Агенттігінің басшылары өткен айды қорытындылады.

Гүлмира Қабиева, Protecting Business and Investments жобалық кеңсесінің жетекшісі:

– Еліміздің барлық өңірінде жобалық кеңсенің өкілдіктері ашылды. Уәкілетті тұлғалары да бекітілді. Оның құрамына «Қазақинвест» АҚ өкілдері мен облыс әкімдерінің орынбасарлары кірді. Осылайша олар жергілікті аймақтың инвестициялық саясатына жауапты болып отыр. Бүгінде инвесторлардың рұқсат құжаттарын рәсімдеуге жұмсалатын уақытты қысқарту мен қағазбастылықты азайту жұмыстары жүргізіліп жатыр.