Еліміздің бас санитарлық дәрігері карантин туралы қаулыға өзгертулер енгізді

0
588

Заңбұзушылықтар анықталған кезде «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» 2014 жылғы 5 шілдедегі Қазақстан Республикасының Кодексіне сәйкес әкімшілік шаралар қабылданады.


Еліміздің бас санитарлық дәрігері карантин туралы қаулыға өзгертулер енгізді

Қазақстанның бас санитар дәрігері Айжан Есмағамбетова карантин туралы 2020 жылғы 15 тамыздағы қаулысына өзгеріс енгізді, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Құжаттың толық мәтіні Денсаулық сақтау министрлігі Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің сайтында жарияланды.

Жаңа қаулыға енгізілген өзгерістер бойынша облыстардың, Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларының әкімдері, облыстардың, Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларының тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменттері, облыстардың, Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларының полиция департаменттері қызметіне рұқсат етілген объектілерде карантиндік шаралардың, санитариялық-дезинфекциялық режимнің сақталуын бақылауды қамтамасыз етеді.

Қаулыға мынадай өзгерістер енгізілді:

1) 1-тармақтың 1) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

"1) қала маңындағы жолаушылар поездарының/электр поездарының қозғалысын қайта бастауды;";

2) 2-тармақтың 1) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

"1) қалааралық облысішілік автобус, шағын автобус тасымалдарын қайта бастауды;";

3) 2-тармақтың 4) және 5) тармақшалары мынадай редакцияда жазылсын:

"4) мәдениет объектілерінің, кітапханалардың, мұражайлардың қызметіне рұқсат беруді (30 адамнан аспайтын жеке, топтық репетициялар);

5) белгіленген талаптар сақталған жағдайда және ұжымдық іс-шараларды өткізбей діни объектілердің (мешіттер, шіркеулер, соборлар, синагогалар және т. б.) қызметіне рұқсат беруді";

4) 2-тармақтың 9) тармақшасында "бассейндердің" деген сөз алып тасталсын;

5) 2-тармақтың 13) тармақшасында "кабинеттерінің" деген сөз "кабинеттерінің/орталықтарының" деген сөздермен ауыстырылсын;

6) 2-тармақтың 16) және 17) тармақшаларында "(бассейндерсіз)" деген сөз алынып тасталсын;

7) 2-тармақтың 35) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

"35) Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес демалыс және мереке күндері мынадай:

- азық-түлік супермаркеттері мен дәріханаларды қоспағанда, сауда үйлерінің, сауда желілерінің, сауда-ойын-сауық орталықтарының жұмысын тоқтата тұру;

- азық-түлік емес және азық-түлік жабық базарларының жұмысын тоқтата тұру;

- сұлулық салондарының, шаштараздардың, СПА орталықтарының, косметологиялық қызмет көрсететін объектілердің жұмысын тоқтата тұру;

- фитнес-орталықтар мен спорттық-сауықтыру орталықтарының, бассейндердің, жаттығу залдарының, спорт кешендерінің жұмысын тоқтата тұру;

- сауналардың жұмысын тоқтата тұру;

- ашық ауадағы аттракциондардың жұмысын тоқтату;

- діни объектілердің қызметін тоқтата тұру бойынша шектеу шараларын енгізуді;";

8) 2-тармақ мынадай мазмұндағы 36), 37), 38), 39), 40), 41) және 42)-тармақтармен толықтырылсын:

"36) контингенті 5-тен 180 адамға дейінгі, сыныптардағы балалар саны 15 адамға дейінгі мектептердің; мектепалды, 1-4 сыныптардың білім алушылары үшін ата-аналарының өтініші бойынша сыныптардың жиынтығы 15 баладан аспаған жағдайда білім беру ұйымдарындағы кезекші сыныптардың жұмыс істеуіне рұқсат беруді;

37) бір адамға су бетінің 5 ш.м. есебінен жеке форматта, алдын ала жазылу бойынша бассейндердің қызметіне рұқсат беруді;

38) 5 адамнан аспайтын жеке және топтық жаттығуларға арналған спорт кешендерінің қызметіне рұқсат беруді;

39) маска режимін және кемінде 2 метр қашықтықты сақтай отырып, 15 адамнан аспайтын жеке және ұйымдасқан топтар үшін ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға (мемлекеттік ұлттық табиғи парктерге, қорықтарға, резерваттарға және өзгелерге) баруға рұқсат беруді;

40) осы қаулыға 4-қосымшаға сәйкес алгоритмді сақтай отырып, кеңестерді (отырыстарды) көзбе-көз өткізуге рұқсат беруді (оларды қашықтықтан өткізу мүмкіндігі болмаған кезде);

41) өңірлердегі эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, "Балдәурен" республикалық оқу-сауықтыру орталығы» және "Бөбек" ұлттық ғылыми-практикалық білім беру және сауықтыру орталығы» РМҚК қызметіне рұқсат беруді;

42) ерекше білім беруді қажет ететін балаларға арналған (оның ішінде ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған) арнайы, мамандандырылған ұйымдардың, арнайы мектеп-интернаттардың, жалпы типтегі мектеп-интернаттардың, дарынды балаларға арналған мектеп-интернаттардың қызметіне рұқсат беруді қамтамасыз етсін".;