Еліміздің тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев 79 жасқа толды

0
1 148

Шет мемлекеттер басшылары құттықтау жеделхатын жолдауда.


Еліміздің тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев 79 жасқа толды

ERNUR.KZ. Қазақстанның Тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев бүгін 79 жасқа толды. Елбасыны шет мемлекеттердің басшылары туған күнімен және Астана күнімен құттықтауда, деп жазады Stan.kz.

Осылайша, Ресей Федерациясының президенті Владимир Путин Нұрсұлтан Назарбаевты туған күнімен құттықтады.

«Сіздің мол тәжірибеңіз, саяси даналығыңыз және терең біліміңіз еуразиялық кеңістіктегі интеграциялық үдерістер бойынша стратегиялық серіктестік пен одақтастық қарым-қатынастарды дамыту ісінде әрдайым қажет болатынына сенімдімін», – деді Путин.

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеёв өзбек халқының елбасыны өзін елі мен халқына жан-тәнімен қызмет етуге арнаған көрнекті мемлекет қайраткері және әлемдік деңгейдегі парасатты саясаткер ретінде терең құрметтейтінін атап өтті.

«Тарихтың ең қиын әрі күрделі кезеңінде сіздің мемлекет келешегіне жауапкершілік алғаныңыз Қазақстан үшін тағдыршешті оқиға болды. Сіз – бірегей адами қасиетке ие, терең білімді, баға жетпес кәсіби және өмірлік тәжірибесі бар туа біткен көшбасшысыз. Сіздің Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті-Елбасы ретінде Қазақстан мемлекетін, еліңіздің егемендігі мен тәуелсіздігін қалыптастуры және нығайтудағы тарихи миссияңызға берілген шынайы жоғары бағаны толық қолдаймын», – делінген жеделхатта.

Беларусь президенті Александр Лукашенконың жеделхатында Назарбаевтың саяси бағдарының арқасында Қазақстанның табысты, қуатты және тәуелсіз мемлекетке айналғаны айтылған.

«Сіздің Белорус-Қазақстан ынтымақтастығын дамыту мәселелеріне көңіл бөліп, халықтарымыздың арасындағы көпжылдық достық дәстүрді, өзара құрмет пен бауырластық қарым-қатынастарды нығайтуға қосқан жеке үлесіңіз үшін шынайы ризашылықтамын. Ұлттың шын мәніндегі көшбасшысы, өз халқына адалдықтың үлгісі бола отырып, сіз мемлекеттің дамуы мен өркендеуі үшін талмай еңбектеніп келесіз», – делінген жеделхатта.

Түрікменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов өзінің құттықтауында Қазақстан өмірінің барлық саласында ауқымды өзгерістер мен елдің айтарлықтай жетістіктері Тұңғыш президент-Елбасы атымен тығыз байланысты екенін атап өтті.

«Біз Түрікменстанда сіздің елдеріміздің арасындағы қарым-қатынастарды дамытуға қосқан жеке үлестеріңізді жоғары бағалаймыз және көп жылғы тату көршілік, сенім мен құрметке негізделген екі жақты стратегиялық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ниеттіміз. Осы атаулы күні шын жүректен сізге зор денсаулық, ұзақ өмір, сарқылмас күш-қуат, мол бақыт, ал бауырлас Қазақстан халқына бейбіт өмір тілеп, одан әрі өсіп-өркендей беруіне тілектестік білдіремін», – делінген жеделхатта.

Сербия президенті Александр Вучич Қазақстанның Тұңғыш президентінің көреген саясатының арқасында Қазақстанның қол жеткізген жетістіктеріне тоқталды.

«Осы мүмкіндікті пайдаланып, Сербия мен Қазақстанның тығыз ынтымақтастыққа қол жеткізуі жолындағы жан-жақты ниеттестік үшін тағы да алғыс білдіргім келеді. Елдеріміздің қарым-қатынастарын одан әрі нығайтуға көп мүмкіндіктің бар екеніне сенімім мол», – делінеді хатта.