Елімізге келген шетелдік туристер саны рекордтық көрсеткішке жетті

0
2 663

Шетелдік туристер арасында Қазақстанға деген қызығушылық күшейген


Елімізге келген шетелдік туристер саны рекордтық көрсеткішке жетті

ERNUR.KZ. Еліміздің туристік әлеуеті артып келеді. Соңғы жылдары шетелдік туристер арасында Қазақстанға деген қызығушылық күшейген, деп жазады 24.kz.

Мәселен, биыл елімізге келген саяхатшылар саны рекордтық көрсеткішке жетті. Статистика комитетінің мәліметіне сүйенсек, Қазақстанға 2018 жылдың тек бірінші тоқсанының өзінде 1 миллион 800 мың турист қыдырып келіпті. Олардың көпшілігі әрине, аты әлемге әйгілі Бурабайды көргісі келеді. Бурабайға жыл сайын 900 мыңнан астам турист келеді. Ал олардың қатарын алдағы жылдары 3 млн-ға жеткізу жоспарланған. Ол үшін аймақта сала мамандары Four Seasons атты консепция қабылдады. Бұл курортты аймақтың жыл он екі ай жұмыс істеуін қамтамасыз етпек. Жалпы қазір Бурабайда бір күнде 10 мың адамды қабылдай алатын 150 қонақүй бар. Ал шетелдік туристердің көпшілігі көрші Ресей елінен.

"Біз Екатеринбургтан өз көлігімізбен келдік. Абылайхан алаңынан бастап, Бурабайдың барлық көрікті жерлерін өзіміз аралап шығамыз. Оқжетпес, Жұмбақтас жайлы аңыздарды бұрындары естігенбіз. Сол сырлы табиғатқа куә болып, таза ауамен тыныстау үшін арнайы келген жайымыз бар"- дейді турист Александра Пятова.

Ал Алматы облысындағы Алакөлге биыл жазда 1 миллионнан астам адам тынығып қайтты. Бұл былтырғымен салыстырғанда 28%-ға көп. Рекордтық нәтижеге жетуге заманауи демалыс нысандарының көбеюі ықпал еткен. Мәселен былтыр мұнда 180-нен астам демалыс орындары болса, биыл олардың қатары 213-ке жетті. Олар бас-аяғы 6,7 миллиард теңгенің қызметін көрсеткен.

Мамандардың болжауынша, келесі жылы туристер қатары биылғыдан әлдеқайда көп болады. Ол үшін арнайы жоспарлар қарастырылған.

"Қазіргі таңда Қазақстан Республикасында туризмді дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарламаны әзірлеу аясында Алакөл көліндегі туризмді дамыту бойынша мастер-жоспар дайындап жатырмыз. Бұл үлкен құжат болмақшы. Ресейлік нарықта Алакөл көлінің жағалауындағы демалысқа сұраныс көп болып тұр. Сол себептен біз ресейлік әріптестермен кездесіп, осындай әуе рейсін келесі жылға чартерлі түрде қоспақшымыз. Қазір осындай инфрақұрылымды жетілдіру жұмыстары барлық облыстарда жүргізіліп жатыр. Себебі туризмді дамыту – Елбасының тікелей тапсырмасы" -дейді облыстық туризм басқармасының басшысы Жанар Алшымбаева.

Жалпы еліміздің қай өңірінің болмасын туристік әлеуеті өте зор. Себебі, Қазақстанда шөл мен көл, орман мен сайын дала да бар. Түрлі аңыздарға толы тылсым дүниелер де жетерлік. Тек қызмет көрсету сапасын арттырып, бағаны төмендетіп, жарнаманы күшейту қажет. Бұл саяхаттағанды жаны сүйетін туристердің тілегі.