Елорда әуежайында Қытайдан келетін ұшақтар үшін бөлек тұрақ бөлінді

0
750

КХР-дан келетін ұшақтар үшін арнайы 17-тұрақ бөлінді​.


Елорда әуежайында Қытайдан келетін ұшақтар үшін бөлек тұрақ бөлінді

ERNUR.KZ. ҚХР-дан келетін ұшақтар үшін арнайы 17-тұрақ бөлінген. Бұл туралы әуе көлігіндегі санитарлық-карантиндік бақылау бөлімінің басшысы Дария Әсембаева айтты, деп жазады ҚазАқпарат.

«6 қаңтар күнгі бас санитар дәрігердің қаулысы бойынша барлық санитарлық-карантиндік бақылау бөлімі күшейтілген режимде жұмыс істеуде. 26 қаңтардан бастап әуежайдың медициналық қызметкерлері де бортқа шығып, жолаушыларда дене қызуы бар-жоғын анықтайды. ҚХР-дан келетін ұшақтар үшін арнайы 17-тұрақ бөлінді», - дейді көліктегі тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті әуе көлігіндегі санитарлық-карантиндік бақылау бөлімінің басшысы Дария Әсембаева.

Ол ҚХР-дан келген жолаушыларды тексеру барысында 15 адам ауруханаға жатқызылғанын айтты.

«Оның бірі Бейжіңнен болған. Бесеуі - Үрімшіден, бесеуі - Синьяннан және екеуі - Саньяннан келген. Қазіргі кезде олардың жағдайы жақсы. Ешқайсысынан коронавирус табылған жоқ. Біз әуе компанияларына хат жолдап, 3 тілде анкета дайындадық. Жолаушылардың тізімін аумақтық департаменттерге жіберіп, ол жақта тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Біз тек ҚХР-дан келетін жолаушыларды тексеретін 3 бақылау пунктін қойдық», - дейді ол.

Сондай-ақ, ол оқшаулау бөлмесін кеңейту ісі қолға алынғанын айтты.

«Министр берген тапсырма бойынша барлық халықаралық әуежай басшыларына хат жолдадық. Ол жерде оқшаулау бөлімі болуы керектігін, барлық қызметкерлерді бір реттік маскамен қамтамасыз ету керектігін айттық», - дейді ол.