Елорда ғимараттарының сыртында Мәңгілік алау «тұтанды»

0
879

Жеңістің 75 жылдығын мерекелеу аясында шығармашыл жастар «Мәңгілік алау» акциясын ұйымдастырды.


Елорда ғимараттарының сыртында Мәңгілік алау «тұтанды»

ERNUR.KZ. Елордада Жеңістің 75 жылдығына орай ерекше акция жасалды. Қазақстан темір жолы, «Нұр Әлем» және «Барыс Арена» ғимараттарында Мәңгілік алаудың цифрлық бейнесі пайда болды. Сондай-ақ сағат 22:00-де қала тұрғындары өз үйлерінің балконынан бір мезгілде шам жақты, деп жазады ҚазАқпарат.

«Жеңістің 75 жылдығын мерекелеу аясында шығармашыл жастар «Мәңгілік алау» акциясын ұйымдастырды. Осы орайда «ҚТЖ», «Барыс Арена», «Нұр Әлем» ғимараттары секілді шаһардағы маңызды нысандарды қамтуға тырыстық. Сонымен қатар, қала тұрғындарын пәтерлерінің балконына шығып, карантин режимі кезінде атаулы датаға орай барлық ардагерлерге құрмет көрсетуге шақырдық», - деді идея авторы, жас продюсер Азат Әбікен.


Оның сөзіне қарағанда, бұл акция өзге де елдерге таралады.

«Акция 8 мамырда ұйымдастырылды, себебі біз видеоматериал дайындап жатырмыз. Ертең оны барша телеарналардан көрсетеді. Бұдан бөлек, елшіліктер арқылы барша материал басқа елдерге де таралады. Бұл тұрғыда Әзербайжан, Армения, Беларусь, Украина секілді елдер шараға қатысты өздерінің жылы лебіздерін білдірді. Олар акцияны, яғни Қазақстанда Жеңіс күні қалай аталып өткенін өздерінің телеарналарынан көрсетуді жоспарлап отыр», - деді ол.

Сонымен қатар А. Әбікен осы идеяның пайда болуының себебіне тоқталды.

«Соңғы кездері барша әлемде адамның көңіл күйін түсіретін ақпарат көбейіп кетті. Осы жыл барша адамзат үшін үлкен сынақ болды. Бұл ретте адамдардың көңіл-күйін көтергіміз келді. Сондықтан аталған идеямызды жүзеге асыру туралы шешім жасадық», - деп түсіндірді ол.

Айта кетейік, шағырмашыл жастар ғимараттарда Мәңгілік алауды бейнелеуден бөлек, елордадағы тұрғын үй кешендерінің бірінде тұрғындар үшін концерттік бағдарлама дайындады. Осы шара аясында азаматтарды карантин режимін сақтап, үйде отыруға шақырды.