Елорда гимні үшін тағы байқау жарияланды

0
1 326

Үздік теп таңдалған шығарма авторларына қалалық әкімдік 3 миллион теңге сыйақы ұсынбақ.


Елорда гимні үшін тағы байқау жарияланды

Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі астана гимні үшін тағы байқау жариялады, деп жазады ERNUR.KZ.

Осыған дейін елорда жайлы үздік әнді жылдам таңдап, марапаттап алғанымен әнұранға келгенде сәл қиындық туындаған сыңайлы. Үздік теп таңдалған шығарма авторларына қалалық әкімдік 3 миллион теңге сыйақы ұсынбақ.

31 әннің ішінде оқ бойы озық шыққан Нұр-Сұлтан туралы шығарма - "Елордаға кел!" деп аталады. Бас жүлдені «Азия» тобы қанжығасына байлаған.

Ән анықталғанымен әнұранға келгенде таңдау жасау қиын болып тұр екен. Қазірдің өзінде гимннің 51 нұсқасы қазылар алқасының алдында жатыр. Олардың бірі тойдың әуенімен жазылса екіншісі вальс стилінде шырқалыпты.

«Лайықтысын таба алмағаннан кейін қайта біз байқаудың уақытын ұзартып, 10 тамызға дейін созып қойдық. Себебі, естімеген елде көп, маған жер-жерден хабарласыпкүніне 20-30 адам ақпарат алып жатыр. Бұл сұраныс, ұсыныстың көбейгенін білдіреді. Кәсіпкерлер бар, демеушілеріміз бар қала демеуіне көмектесіп жүрген. Әкімдікпен қоян қолтық жұмыс жасайтын азаматтардың демеуімен өтіп жатыр», - дейді қалалық даму істер басқармасы жастармен жұмыс бөлімінің бас маманы Ақұлан Тастемір.

Жалпы, әр қала бас басына гимн жаздырып алса қалай болар екен деген сауалға 150 әннің сөзін жазып, 40-қа жуық әуеннің авторы атанған ақын әрі сазгер Есқожа Әлқожаұлы жуап берді.

«Еліңді жақсы көріп жатсаң,бас қалаңды жақсы көріп жатсаң әрине салтанатты ән керек қой. Ал оны орындау да керек. Мысалы, Шәмші ағамыз жазған атақты әні ол да сол елін, жерін жақсы көргеннен жазылған ән. Сол ән бүкіл халыққа гимн болып кетті», - дейді ол.

Ал, қарапайым халық бұл бастаманы қолдай қоймады.

«Көпбалалы ата-аналар бар, мүгедек балалар бар соларды дамыту үшін жағдай жасаса дұрыс деп ойлаймыз негізі.Гимн не керек?», - дейді қала тұрғыны.

Ақын Саян Есжан «тапсырыс бойынша ән мен сөз жазып оны кәсіпке айналдырып алған "классиктер" көбейіп кетті. Гимн біреу, соның өзі жеткілікті» - дейді.

«Жеке бір ұйымның, қаланың, мектептің жеке бір гимндері бар қазіргі уақытта.Анығын айтатын болсақ ол жерде ешқандай сапа жоқ. Мәтінде ешқандай мазмұн жоқ. Әуеніне келетін болсақ құр даңғырлаған бір әуендер шығып жатыр. Негізі осы бір үрдіс өнер атаулының қасиетін кетіріп жатқан сияқты», - дейді ақын Саян Есжан.

Қалай болғанда да Нұр-Сұлтан қаласының гимні болады. Бұл - қаражат бөлініп, қазылар белгіленіп қойған шаруа.

Дереккөз: Еуразия бірінші арнасы.