Елордада алғаш рет лазер арқылы варикоз ауруына ота жасалды

0
1 274

Ота №10 қалалық емханада жасалынды.


Елордада алғаш рет лазер арқылы варикоз ауруына ота жасалды

ERNUR.KZ. Бүгін Нұр-Сұлтан қаласында алғаш рет амбулаторлық түрде варикоз ауруына ота жасалды, деп жазады Елорда Инфо.

«Бүгін елордада алғаш рет амбулаторлық түрде варикоз ауруына ота жасалды. Ота жарты сағат көлемінде жасалды. Әрине алдымен пациенттердің рұқсатын алып және олар ота жасау үшін тиісті тексерулерден өтті. Ота біткен соң пациентті көтеріп жүргіземіз, яғни оның аяғын баса алатындығына көз жеткізуіміз керек. Ота біткен соң пациент өзін жақсы сезінсе үйіне жіберіледі. Бізге маман ретінде ота жасауда соншалықты қиыншылық жоқ деп айтуға болады. Себебі қазір технология заманы, ота жасау құрылғысы автоматтандырылған. Яғни ота түйнеліп кеңейген аяқ тамырларына эндовазальдік лазер арқылы жасалынады. Сол сияқты ота алдында наркоз салынбайды, оның орнына УДЗ (ультрадыбыстық зерттеу) арқылы аяқ тамырына енгіземіз», - деді хирург, PHD, профессор, әл-Фараби атындағы ҚҰУ-дың хирургиялық аурулар кафедрасының меңгерушісі Нұрлан Әшімов.

№10 қалалық емхана қабырғасында жасалған варикоз отасы ҚР флебологтар қауымдастығының ұйытқы болуымен өтіп жатыр.

«Бүгінгі жоспарға сәйкес 4 адамға ота жасаудамыз, тегін түрде. Ал жалпы алғанда хирургтің мүмкіндігі болса күніне 50 отаға дейін жасауға болады. Ол үшін бізде маман да, қажетті технология да бар. Ота жасау құрылғысына келсек, ол ресейлік өнім. Жалпы варикозға ота жасау лазерлік технологиясы Еуропа елдерінде кеңінен өндіріледі және қолданылады. Біз біраз елдің тәжірибесіне сүйене келе, Ресейде жасалған құрылғыны дұрыс деп шештік. Себебі ол автоматтандырылған және бағасы да қонымды. Аталған құрылғы Нұр-Сұлтан қаласы бойынша әзірге тек осы №10 қалалық емханада ғана бар», - деді ол.

Оның айтуынша, ДДҰ-ның мәліметінше ірі мегаполис қалалар тұрғындарының 10%-ы варикоз ауруы кездеседі.

«Варикозға ұшыраудың басты себебі, адамның аз қимылдауы, одан бөлек күні бойы отырып немесе тұрып жұмыс істейтін адамдар жиі ұшырайды. Оның үстіне қала тұрғындары жұмыстан шыға сала автокөлікке мінеді», - деді Н.Әшімов.



«Менің жасым 24-те. Варикозбен ауырып жүргеніме 2 жыл болды. Бұл аурудың қиындығы сол жүргенде аяққа салмақ түседі де өзіңді жайсыз сезінесің, оның үстіне аяғың ісіп кетеді. Жалпы ота жасату жоспарымда болған, бірақ мүмкіндік болмай жүрді. Осы емханаға кезекті тексерілуіме келгенімде дәрігерлер арнайы Алматыдан хирургтар келіп варикозға ота жасайтынын айтты. Және маған ота жасауды ұсынды. Мен өз келісімімді бердім. Отаның өзі 20 минуттай уақытқа созылды. Қазір өзімді жақсы сезінудемін», - деді отадан шыққан астаналық пациент Раушан Асылханова.