Елордада азаматтардан көмір сатып алуға құжаттар қабылданады

0
846

Өтемақы жылыту маусымына 16 АЕК көлемінде жүргiзiледi.


Елордада азаматтардан көмір сатып алуға құжаттар қабылданады

ERNUR.KZ. Нұр-Сұлтан қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы 15 қазаннан бастап азаматтардың жекелеген санаттарына көмір сатып алуға әлеуметтік көмек көрсету үшін құжаттарды қабылдайды, деп жазады Елорда Инфо.

Аталған көмек түрі ең төмен күнкөріс деңгейінен аспайтын жан басына шаққандағы табысы болған, сондай-ақ оларда және отбасы мүшелерінде басқа тұрғын үйі болмаған жағдайда, жергiлiктi (пештік) жылытатын жеке тұрғын үйде тұратын, оның жекеменшік иесі (жалға алушысы) немесе жекеменшік иесінің отбасы мүшелері (жалға алушысы) болып табылатын жасы бойынша зейнеткерлерге, мүгедектерге, мүгедек балаларға, көпбалалы аналарға және көпбалалы отбасыларға жүргiзiледi.

Өтемақы жылыту маусымына 16 АЕК көлемінде жүргiзiледi (2019 жылдың 15 қазаны мен 2020 жылдың 15 сәуірі аралығында).

Көмірді сатып алуға өтемақы алуға құқығы бар бiрнеше адам бiр жекеменшiк тұрғын үйде тұрған жағдайда өтемақы тек бiреуiне ғана берiледi.

Аталған көмек түрін алу үшін өтініш беруші жылыту маусымы кезеңінде Достық көшесі, 13, Нұрсая-2 ТК мекенжайы бойынша орналасқан басқармаға мына құжаттарды қосып өтініш ұсынады:

1. жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;

2. өтініш берушінің өткен тоқсанында осы тоқсандағы алған табыстары туралы мәліметті қамтитын адамның (отбасы мүшелерінің) табысы туралы мәліметтер;

3. мәртебені растайтын құжаттың көшірмесі (зейнеткерлік куәлік, мүгедектік туралы анықтама, балалардың туу туралы куәліктері);

4. Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгiнiң аумақтық органы берген жылжымайтын мүлiкке тiркелген құқығының болмауы (болуы) туралы анықтама;

5. тұрғын үйді пайдалану құқығын растайтын құжат – жалға алушылар үшін.